Фото: ҚР МАМ
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қоры тарихи құнды мұрамен толықты, деп хабарлайды Ult.kz.
Ұлыбритания елшілігі Оксфорд университетінің Бодлиан кітапханасында сақталған «MS. Arab. c. 90» шифрлы қолжазбаның 44a парағындағы Орта Азия картасының көшірмесін орталыққа табыстады.
Бұл артефакт XI ғасырдағы космология мен географияға арналған «Китаб гараиб әл-фунун уа мулях әл-уюн» («Ғылымдардың ғажайыптары мен көз сүйсінерлік нәрселер кітабы») атты анонимді еңбектің жалғыз белгілі нұсқасына тиесілі.
Зерттеушілердің айтуынша, қолжазба XII ғасырдың соңында – XIII ғасырдың басында Мысырда жазылған. Картаның ерекшелігі – онда Қазақстан аумағында орналасқан Жанкент қаласы бейнеленген. Орта ғасырларда оғыз мемлекетінің астанасы болған бұл қала арабша «Әл-кария әл-хадиса» («Жаңа қала») деп көрсетілген. Сондай-ақ картада өңірдің маңызды қалалары белгіленген.
2002 жылы сатып алынып, кейін толық цифрланған қолжазба бүгінде ислам географиясы мен ортағасырлық кітап өнерін зерттеуге арналған аса құнды дереккөзіне айналды.
XI ғасырдағы бұл карта Орта Азия мен Қазақстан тарихын жаңа қырынан танытатын мәдени әрі ғылыми маңызы зор мұра ретінде бағалануда.
