21 қар, 2017 сағат 12:33

ОҚО шаруаларының өнімі ресейлік ірі сауда кешеніне жөнелтіледі

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен Ресейдің Новосибирск қаласындағы «Фудсиб» сауда кешені арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" аймақ басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Келісімнің мақсаты - өңірдегі ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің экспорттық әлеуетін арттыруды көздейді. Мұндай келісімге көрші елдегі «Фудсиб» жемістер мен көкөністер көтерме және бөлшек сауда кешенінің ашылу рәсімі барысында қол жеткізіліп отыр. Аталған жиынға облыс әкімінің тапсырмасымен ОҚО мәслихат хатшысы Қ.Балабиев, «Ырыс» микро қаржылық ұйымының директоры Данияр Арынғазин, Көлік және логистика аймағының бас директоры Е. Бектаев, «Ордабасы құс» ЖШС басшысы Б. Жұмаханов қатысып қайтты.

Екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамыту мақсатында ұйымдастырылған сапар жемісті болып, «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығы «RIC ON EXPORT» бағдарламасын іске қосты. Нәтижесінде қазіргі таңда Оңтүстікте өндірілген тауарлардың Новосибирск қаласына бірінші жеткізілімін жөнелту жоспарланып отыр.  Осы орайда компанияда Ресей Федерациясына өнімдерді экспорттауды ұйымдастыруда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолдау көрсету және кешенді қызмет көрсету үшін арнайы жұмыс тобы құрылды.

Айта кету керек, «ОҢТҮСТІК» АИО «RIC ON EXPORT» ауылшаруашылық өндірушілерінің экспорттық әлеуетін дамыту бағдарламасының шеңберінде орталықпен қаржыландырылған ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің қатысуымен «RIC ON KORME» атты тұрақты көрме-жәрмеңке ұйымдастырылуда.