Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Сайрам ауданы Манкент ауылында түрлі сала мамандары мен жастардың кездесуі өтті. Басқосуда Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған міндеттердің мәні, елдің бірлігі мен татулығын сақтау және нығайту жайы сөз болды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Алқалы жиынға облыстық ассамблея хатшылығы мен дін мәселелерін зерттеу орталығының қызметкерлері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, ішкі саясат, ішкі істер бөлімдерінің мамандары қатысты. Келелі кеңесте сөз алған аудан әкімі Бақтияр Мамаев Елбасының бағдарламалық мақаласында айтылған қоғамдық сана, бәсекеге қабілеттілік, ұлттық код, прагматизмнің мән-маңызына кеңінен тоқталды. Ал, жиында сөз алған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов елдегі тұрақтылық пен келісімді сақтаудың маңызын сөз етті.
«Кез келген қоғамда бірлік пен ынтымақ басты орында тұрады. Ынтымағы жарасқан елдің болашағы жарқын. Мұны мемлекетіміздің болашақ тағдырына жауапты саналатын жастар жақсы түсінуі тиіс. Сондықтан, түрлі этнос жастары арасында достықты нығайту, олардың бойында елжандылық қасиетті қалыптастыру ассамблея жұмысының басты бағытына айналып отыр. Қазақстан - этносаралық келісім саласында өз тәжірибесін, бірегейлік пен біртектіліктің қайталанбас моделін қалыптастырды. Оны сақтап, қоғамды дамытуда жастарға артылар жауапкершілік жүгі ауыр»,- деді Мұратәлі Оразалыұлы.
Еркін форматта өткізілген жиында ауыл жастары ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, өздерін қызықтырған түрлі сұрақтарға сала мамандарынан тұшымды жауап алды.