Оңтүстік Қазақстан облысы республикадағы халқы тығыз орналасқан аймақтарының бірі саналады. Осыған орай өңірдегі жұмыссыздық деңгейі төмендету мақсатында халықты жұмыс күші жетіспейтін солтүстік өңірлерге көшіру жұмыстары жалғасып келеді. Десек те, ішкі көші-қон саясатының ел арасында насихатталуы тиісті деңгейде емес. Бүгін бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаев аудан, қала әкімдерімен және облыстық басқармалар басшыларының қатысуымен өткен селекторлық мәжілісте мәлім етті. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Елбасы қойған міндеттердің бірі ішкі көші-қон процесстерін реттеу және еңбек ресурстарының теңгерімділігін арттыру, халықты біркелкі жайғастыру мақсатында еңбек күші мол аймақтан, еңбек күші жетіспейтін республикамыздың солтүстік өңірлеріне өз еркімен халықты қоныстандыру өте маңызды қадам. Жұмыссыздық, халыққа әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері бойынша қиындықтар болуы мүмкін, сондықтан қоныс аударам деушілерге көмек көрсетуіміз керек»-деді Жансейіт Қансейітұлы.
Жиында халықты оңтүстіктен солтүстікке көшіру жұмыстары жөнінде баяндаған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Мұхит Отаршиев 2014-2016 жылдары «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде облыстан барлығы 154 отбасы қоныс аударып, көшу шығындары өтелгендігін жеткізді.
Оның айтуынша, басқарма тарапынан қоныс аударған азаматтарға сол өңірдегі уәкілетті органдар арқылы мониторинг жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда көшіп барғандардың 48-і ауыл шаруашылығымен айналысса, 42 азамат білім саласында, 11 адам жергілікті атқару органдарында, 12 адам қызмет көрсету, 7 адам денсаулық сақтау саласында еңбекпен қамтылған.
Ал, өңіраралық еңбек нарығын дамытудың шараларына 5780 азамат қатысып, олардың 2019-ы солтүстікке қоныс аударуға ниетті екендіктерін жеткізген. Осы азаматтардың 1008 еңбекке қабілетті болса, олардың 116 адамы ауыл шаруашылығымен, 98 адам кәсіпкерлікті дамытумен, 794 адам мемлекеттік кәсіпорындарда жұмыс істеуге ниетті.
Сондай-ақ мәжілісте сөз алған облыстық мәслихат депутаты Жаңабай Ағабеков оңтүстік халқын солтүстікке көшіру ерікті түрде жүріп жатқандығын алға тартты. Оларға үкімет тарапынан да айтарлықтай көмек көрсетіледі. Нақты айтқанда, қоныс шығындары есебінде отбасы мүшелерінің әрқайссына 35 АЕК көлемінде яғни 79 мың теңге өтемақы төленеді. Бұдан бөлек бір жылға дейін пәтер жалдауға жұмсалатын шығын да мемлекет есебінен. Әлеуметтік қамсыздандыру, көші-қон квотасына да қаржы қарастырылған.
«Көшу әр адамның жеке ісі. Ешкімді күштемейміз. Дегенмен ниет білдіргендерге жол шығыны, баспана жалдауды айтпағанда, сол барған жеріне үйренісіп кеткенше, қаржылай көмек береміз. Жұмысқа тұруын да қадағалап отырамыз»,-деді Жаңабай Молдабайұлы.
Мәселені қорытындылай келе өңір басшысы халқы тығыз орналасқан Мақтаарал ауданында бұл жұмыстардың сылбыр жүргізіліп жатқандығын сынға алды.
Айта кетейік, Мақтарал ауданы халқы өте тығыз аудандардың біріне жатады. Бүгінгі таңда ауданда аталған мәселе бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жеткіліксіз. Соңғы екі жылда бар-жоғы ауданнан 12 отбасы ғана еліміздің солтүстік өңірлеріне қоныс аударған.
Солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниеті бар облыс тұрғындарының ерікті қоныс аударуына ықпал жасау үшін облыс кәсіпкерлерін қатыстыра отырып сол өңірлерге іс-сапар ұйымдастыруды жүктеген облыс басшысы аудан, қала әкімдеріне, салалық басқармаларға бірқатар тапсырмалар берді.