Бұл туралы бүгін ОҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының салалық жетекшілері – басқарма басшысының орынбасарлары Мақсат Мырзабаев пен Ролан Ибрагимов хабарлады.
Алдымен, жыл басынан бері басқарманың жол көлігі саласында атқарылған жұмыстардың барысына тоқталған М.Мырзабаев облыс тұрғындары мен елді мекендерді тұрақты жолаушылар тасымалымен қамтамасыз ету жайына тоқталып, бүгінге дейін 766 елді мекеннің 691-і яғни, 90,2%-ы қоғамдық тасымалмен қамтамасыз етілгенін жеткізді.
2017 жылдың 6 айында төрт - 3 ауданаралық, 1 облысаралық тұрақты бағыт ашылды. Олар – «Шымкент-Боралдай», «Қошқар Ата-Алмалы-Шымкент», «Түркістан-Жібек Жолы» және облысаралық «Шымкент-Ақтөбе» бағыттары. Жыл соңына дейін Төлеби ауданының 4 елді мекені, Ордабасы ауданының 4 елді мекені, Бәйдібек ауданының 4 елді мекені қоғамдық көлікпен қамтамасыз етілетін болады. Жуырда Шымкент қаласының шалғай шағын аудандарында және жолаушылар ағыны төмен көшелерде тұратын тұрғындар қоғамдық көліктермен қамтамасыз етілетін болады», - деді М.Мырзабаев.
Жиында, мұнан бөлек, автобустарды жаңалау, оларды GPS құралдарымен жабдықтау, заңсыз жолаушылар тасымалына тосқауыл қою сынды түрлі бағыттардағы атқарылған жұмыстар да айтылды.
Одан соң басқарманың автомобиль жолдары саласында атқарылған шаруаларға тоқталған Р.Ибрагимов Оңтүстік Қазақстан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 20 928,9 шқ. құрайтынын жеткізді. Олар - республикалық маңызы бар 837 шқ. (95% қанағатты), облыстық маңызы бар 4 261,2 шқ. (58,7% қанағатты),аудандық маңызы бар жолдар 1 642,7 шқ. (64,4% қанағатты), елді-мекен көшелері 11 377,1 шқ. (59,9% қанағатты) және Шымкент қаласы көшелері 2 810,9 (41,4% қанағатты).
«2017 жылы автомобиль жолдары саласын дамытуда 584 нысан немесе 1 570,9 шқ. жолдар мен көшелер құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылып жатса, 6 айдың қорытындысына сәйкес, бүгінге дейін 2 көпірдің орташа және 1 автомобиль жолының күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді», - деді Р.Ибрагимов.