Оңтүстік Қазақстанда көлеңкелі кәсіппен айналысып жүрген азаматтардың қатары артып барады. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациалық даму және туризм басқармасының мамандары мәлімдеп отыр. Айтуларынша, өзін жұмыспен қамтамасыз еткен 503 мың жерлесіміздің 250 мыңы өз ісін заңды тіркемеген. Нәтижесінде, бюджетке келтірілген шығын көлемі орта есеппен 2,5 млрд. теңгеге жетіп отыр.
Бұл ақпарат «Оңтүстік Қазақстан облысы – климат үшін оңтайлы өңір» жобасын жүзеге асыру барысында анықталды. Тың бастама өткен жылы өңіріміздегі кәсібін дөңгелетіп жүрген жергілікті кәсіпкерлердің көбеюі үшін, оларды демеп-қуаттау мақсатында қолға алынған еді. Яғни, ОҚО әкімдігі мен «НұрОтан» партиясының қолдауымен облыстық прокуратураның қызметкерлері заңсыз әрекетті әшкерелеп, тиісті жұмысты атқаруға кіріскен.
Мамандардың мәліментінше, тіркелмеген кәсіпкерлерге арнайы шара көріледі. Дәлірегі, ҚР Кодексінің әкімшілік құқық бұзушылық заңнамасының 463-бабы бойынша жауапқа тартылатын болады. Ал салыққа тиісті төлемді жасамай, «үнемдеген» кәсіпкерлерге 15-тен 150 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынады. Сондай-ақ, кей жағдайларда азаматтық заң талаптарын құнттамағаны үшін, қаржы немесе өзге де құнды қағаздарды тәркілеуі мүмкін. Егер, аталған көлемдегі айыппұлды өтеген кәсіпкер тіркелмеген заңсыз кәсібін дөңгелетуді жалғастырған жағдайда, төленетін айыппұлдың құны еселенеді. Яғни, кәсіпкер мемлекетке 30-дан 500 АЕК-ке дейін айыппұл төлеуге міндеттеледі.
Облыстық статистика департаментінің дәйегіне сенсек, бүгінде бір ғана Оңтүстік өңірінде 215 317 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелкен. Оның 84% -ы белсенді жұмыс атқарып келеді. Бұл тиісті жасақтың 176 684-ын құрайды.
Осыған байланысты, облыстық басқарманың жауапты мамандары аталған айыппұлдардың алдын алу үшін өңір кәсіпкерлерінен өз кәсібін ресми тіркеп, заң шеңберінде жұмыс істеуді сұранады.