Оңтүстік Қазақстан облысында «Жасыл экономика» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында негізгі жеті міндет анықталған болатын.
Соған сәйкес өңірде биыл 7,8 мың гектар жерге тамшылатып суару әдісі қолданылса, 643 гектарға жаңбырлатып суару әдісі енгізілген, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Сондай-ақ, өңірде суармалы жерлердің көлемін ұлғайту үшін 2 су қоймасы іске қосылды.
Бүгін бұл туралы облыс әкімдігінің кеңейтілген мәжілісінде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Иляс Құрамысов мәлім етті, деп хабарлайды өңір басшысының баспасөз қызметі
Басқарма басшысының айтуынша, алдағы жылы Ордабасы ауданы мен Түркістан қаласында жалпы көлемі 57,2 млн текше метрді құрайтын жаңа екі су қоймасы салынатын болады. Сондай-ақ, су арналарындағы су сыйымдылығын төмендету мақсатында ылғалдандыру және тұзданған аймақтарда сор шаю жұмыстары ұйымдастырылуда.
«Бүгінде облысымызда жайылымдарды суландыру бойынша құдықтар қазу жұмыстары жалғасуда. Мәселен, 2015 жылы 202 құдық қазылса, оның 47-сі субсидияланды. Ал, 2016 жылы 273 құдық қазылып, оның 272-сі субсидияланған. 2017 жылы 167 құдық қазылып, оның 105-і субсидияланып отыр. 2018 жылғы жоспар бойынша облысымызда 120 құдық қазылатын болса, 2019 жылы олардың саны 200-ге жеткізілмек», - дейді Иляс Құрамысов.
Бұдан бөлек, 2018 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 802,5 мың гектарға ұлғайтылатын болады. Сондай-ақ, алдағы 4 жылда 209 мың 700 тұрғыны бар 84 елді мекенді орталықтандырылған ауыз сумен қамту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, жаңартылатын энергия көздерінің 14 жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жалпы қуаты 173,3 МВт құрайтын 10 жобаны 2025 жылға дейін жүзеге асыру жоспарланған. «Жасыл экономика» тұжырымдамасына сәйкес облыста бүгінгі таңда қайта өңделген қалдықтар көлемі 1,4 млн тоннаны құрап отыр.
Атқарылған жұмыстарға қаныққан өңір басшысы алдағы жылдары іске асырылатын жұмыстарды жүйелеп, «Жасыл экономика» тұжырымдамасының толықтай орындалуына күш салуды тапсырды.
«Бүгінгі күнге облысымызда жинақталған қалдықтар көлемі 18,3 млн тоннаны құрайды. Оның 14,1 млн тоннасы өндірістік, 4,2 млн тоннасы тұрмыстық қалдықтар. Бір сөзбен айтқанда, қалдықтардың ортасында отырмыз. Ендігі кезекте қалдықтарды қайта өңдеу арқылы түрлі заттар шығарып, кәдеге жаратуымыз керек. Сондықтан қайта өңдеу мәселесін қолға алу үшін шұғыл жоспар құруды тапсырамын», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Мәжіліс барысында «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру барысы да талқыға түсті.