29 қар, 2017 сағат 18:23

ОҚО-да жастар арасында қылмыс азайды

ОҚО-да жастар арасында қылмыс азайды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" әкімнің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оңтүстік Қазақстан облысында жастар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық көрсеткіші 2017 жылы өткен жылға қарағанда 307-ге азайған. Бұл облыс көлемінде жүзеге асырылып жатқан «Жас сақшы» және «Жас полиция көмекшілері», «Айбын» жобалары мен мекенжайлық көмек көрсету жұмыстарының нәтижесі. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Балмаржан Нарбекова мәлімдеді.  

Басқарма басшысының айтуынша, «Серпін - 2050» жобасы аясында Солтүстік аймақтардағы жоғары оқу орындарында 6500-ге жуық жас білім алуда. Ал колледждерде түстік өңірден 1000-нан астам студент оқып жатыр. Жалпы 4 жылда бағдарлама бойынша жоғары оқу орындарына оқуға қабылданған студенттердің 50 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысының жастарына тиесілі. 

Сондай-ақ, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен 2017 жылы 800-ден астам маманға жолдама берілген. Ал оның ішінде 300-ге жуық жас тұрғын үймен қамтамасыз етіліп отыр. Облыста «Жастар практикасы» бағдарламасы да өз жалғасын тауып келеді.

«Жастар практикасы» бағдарламасына 2017 жылдың 10 айдың қорытындысы бойынша 5294 жас тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 159 адамға өсті. Сондай-ақ, 2017-2020 жылдарға арналған өңірлік іс-шаралар жоспары ұдайы орындалып келеді. Мәселен, «Өлкетану» бағдарламасы аясында маусым-қыркүйек айларында облыстағы тарихи-мәдени орындарға жастардың экскурсиялары ұйымдастырылып, оған 5 мыңнан астам жас қатысты. Сонымен қатар, өңірдегі жазғы лагерьлерге жалпы саны 247,6 мыңнан астам жас барған», - деді Балмаржан Нарбекова.

Сонымен қатар, жастардың интеллектуалдық, патриоттық қасиеттерін арттыру мақсатында жергілікті телеарналардан бірнеше тележобалар ұйымдастырылып отыр.