14 қар, 2017 сағат 19:24

ОҚО-да зағиптар арасында байқау өткізілді

Оңтүстік Қазақстан облысында зағиптар арасында «Өнерім - көңіл шуағым» байқауы ұйымдастырылды. Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының ұжымы бастамасымен ұйымдастырылған өнер сайысына 14 қала-ауданнан келген жарымжан жандар қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Өнер сайысы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында және облыстың 85 жылдығына орайластырып, сонымен қатар оңтүстіктің тумасы Мұхтар Шахановтың 75 жылдығына орай ұйымдастырылған болатын. Зағип жандарды қоғамға араластыру мақсатында өткізілген шараның облыс көлемінде өткен іріктеу кезеңі биыл 26 мамырда басталған. Онда дауыс ерекшеліктеріне қарай әншілерді, оқу мәнеріне қарай көркем сөз шеберлері анықталған еді. Сынан сүрінбей өткен 400-ге тарта үміткердің арасынан ақтық сынға бұл жолы 44-і қатысты.

«Поэзия адамның жанын жадыратады. Сыршыл ақындардың жыры қамкөңіл жандарға қанат бітіреді. Поэзиядан менің жаным ләззат алады. Әсіресе, Мұхтар Шаханов, Мұқағали Махатаевтың жырлары шындық, адалдықты ту етеді. Бүгін де бір поэма жаттап келдім»,- дейді фестивальге қатысушы Перизат Үйсінбаева.

Байқау шартына сәйкес жеңімпаздарға үш номинация бойынша баға беріледі. Онда жарымжан жандар облыстың 85 жылдығына орай арналған патриоттық ән-жырларды шырқады. «Өлеңім - өмірімнің айнасы» кезеңі Мұхтар Шахановтың туындыларына арналып, ақынның өлеңдерін оқыды. Ал, «Өнерліге - өріс кең» номинациясы табиғи дауыста дәстүрлі ән шырқағандарға берілді. Барлық жеңмпаздар алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.