Биыл Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтына 80 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай студенттер мұражайы ашылды. Сондай-ақ оқу орны университет болып өзгерді, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі.
Талай талант түлеп ұшқан білім ордасындағы мерекелік шара аясында студенттер қалашығындағы ғимараттан «Ұлттық мұра» студенттер мұражайы салтанатты түрде ашылды. Мұнда көненің көзі, ұрпақ санасына ұлттық дәстүрді сіңіретін 100-ге жуық экспонат қойылған. Бұл күні сонымен қатар студенттер жатақханасының алдынан ашық спорт алаңшасы пайдалануға берілді. 80 жылдыққа орай тағы 80 түп ағаш отырғызылды. Оған университет ұжымы мен байырғы түлектер болып, барлығы бір кісідей атсалысты. Айтулы шара аясында университет ішінен «Көркем әдебиет» орталығы да ашылды. Онда институттың даму тарихында еңбегі сіңген Әзімхан Оспанұлы мен Керімбек Сыздықовтың кітаптары қойылған.
Бұдан бөлек, «Сәндік өнер» орталығы, «Нұр Шаңырақ» студенттер театрының тұсауы кесілді. Мерейтой барысында халықаралық ғылыми-теориялық конференция, «Өркендеген Оңтүстік» атты республикалық ақындар айтысы өтті.
Айта кетейік, іргелі оқу орнының іргетасы сонау 1937 жылы қаланды. Алғашқыда екі жылдық мұғалімдер институты болып ашылып, 4 кафедра ғана жұмыс істеді. Институттың дербес ғимараты да болмады. Ұстаздар қаладағы мектептердің бөлмелерінде дәріс оқыды. Соған қарамастан, ел мектептеріне аса қажет болған мұғалімдерді даярлап шығарды. Тоқсаныншы жылдардағы реформалау кезінде келбеті көмескіленіп, атауы ұмыт бола бастады. Тек ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейлі мерекесінің тұсында ғана білім ордасы қайта еңсе тіктеді. Үкімет қаулысымен өз алдына дербес институт болып құрылды. Бүгінде ордалы оқу орнына айналды.