Оңтүстік Қазақстан облысында ұлағатты ұстаздар марапатталды. Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов ардагер ұстаздар мен білім саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген білікті мұғалімдерді қабылдап, олармен болашақ ұрпақ тәрбиесі мен білім деңгейі жайында кеңінен әңгімелесті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында ұлағатты ұстаздар білім саласында толғандырып жүрген ойларын ортаға салып, алдағы арман-мақсаттарымен бөлісті. Өткен жылдардағы білім беру жүйесі мен технологиясы дамыған бүгінгі күннің жаңа бағдарламалары аясында мұғалімдердің ой-пікірін тыңдаған аудан басшысы ұстаздар қауымының ең басты міндеті білім беруде ғана емес, сонымен бірге адам бойындағы барлық жақсы қасиеттерді де қоса сіңіру екендігін атап өтті. Білім саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
«Мектеп табалдырығынан тарыдай болып кірген баланың тұлға болып қалыптасуына дейінгі ұстанымдары мен білім дәрежесінің жоғары болуы оның ең бірінші мектепте қалаған іргетасының мықтылығына байланысты. Ал, сол іргетасының берік болып қалануына бірден бір себепкер-ұстаздар сіздерсіздер», - деді Ерлан Айтаханов.
Кездесуде ұстаз беделін көтеру, білім деңгейін арттыру, ұстаз бен шәкірт арасындағы байланысты жақсарту, мектеп қабырғасындағы бала тәрбиесі жөнінде келелі әңгімелер өрбіді. Әңгіме барысында мұғалімдер аудан басшысының ұстаздар қауымына деген ыстық ықыласы мен құрметіне ризашылықтарын білдірді.
Бейресми кездесуде ұстаздарды еркін әңгімелесуге тартқан аудан басшысы Ерлан Айтаханов ұлағатты жандар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер ескерілетінін айтып, мұғалімдерге мерекелік сый-сияпат жасады.