Оңтүстік Қазақстан облысында Шардара қаласы күні тойланды. Айтулы күні қалаға ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, ондағы тауарлар базар бағасынан арзан сатылды. Түрлі спорттық сайыстар мен көңілді ән кештері ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жәрмеңкеде Жаушықұм ауылының диқандары 5 тонна пияздың әр келісін 65 теңгеден пұлдады. Қалтаға қонымды бағада ұсынылған өнім айналасы бір сағаттың ішінде таусылды. Сол сияқты, болгар бұрышының келісі 100 теңге, картоп -100, сәбіз - 110, капуста - 90, күріш 160 теңгеден сатылды. Мал шаруашылығы жолға қойылған аймақта сиыр мен қой еті 1200 теңгеге сатылды. Сонымен қатар, балық өнімдері де жәрмеңке сөресінен табылды.
«Міне өздеріңіз көріп отырсыздар, Жаушықұмнан келген өнімнің өзі тез арада таусылып, қазір тағы да әкелуге кетті. Басқа да өнімдер өте тез өтіп жатыр, халықтың сұранысыменен. Халық разы барлығына», - дейді Шардара қаласы әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Нұрымбет.
Мереке аясында қала құрылысына еңбек сіңірген ардагерлерге арнап ас берілді. Олар өздеріне көрсетілген құрметке дән риза. Айтулы шара аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған сайыстарға ұласты. Шардаралықтар «Алты алаш» алаңындағы көрменің де куәсі болды.
Айта кетейік, Шардара қаласын үлкен туристік орталыққа айналдыру жоспарланып отыр. Еңбексүйгіш халқымен Одақ көлемінде даңқы шыққан шаһар тұрғындарының бүгінде бірлігі бекем. Айтулы күнге орай аудан өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды. Кеш соңында әсем ән мен тәтті күй көңілін тербеген қалалықтар мерекелік от шашуды тамашалады.