Биыл Оңтүстік Қазақстан облысынан Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарына 404 мүшесі бар 103 отбасы қоныс аударған. Өңірден көшіп барған азаматтардың жермен қамтылып, ауылшаруашылық жұмыстармен айналысуына және жұмыспен, тұрғын үймен қамтамасыз етілуінде ешқандай кедергілер жоқ. Сондай-ақ облысымызда «Серпін-2050» бағдарламасы аясында тегін оқу гранттарына үміткерлердің саны 8 мыңға жетіп отыр. Бұл туралы Ақмола облысында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өткен онлайн селекторлық режимінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.
Өңір басшысы өз кезегінде негізгі үш мәселені көтерді. Оның алғашқысы – оңтүстік халқын солтүстік облыстарға көшіру. Бұл ретте әкім қоныс аударушылардың жол қаражатын мемлекет тарапынан төлеп беруді ұсынды.
«2014-2016 жылдары оңтүстіктен 152 отбасы солтүстік өңірлерге қоныс аударды. Ағымдағы жылы Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерімен меморандумдар түзіліп, биылғы жылдың 20 шілдесіне 404 мүшесі бар 103 отбасы қоныс аударып үлгерді. Әлі де көшкісі келетін отбасылардың қарасы аз емес. Сондықтан қоныс аударушылардың жолақасына мемлекеттен қаржы бөлуді сұранамын. Бұл өз кезегінде солтүстікке бет алушы отбасылардың ынта-жігерін тудыратыны сөзсіз»,- деді Жансейіт Түймебаев.
Облыс әкімі қоныс аударушыларға демеушілік жасау мақсатында жергілікті депутаттар мен кәсіпкерлердің атсалысып жатқанын баяндады. Алайда ол аздық етеді деген өңір басшысы солтүстікке көшкісі келетіндерге кемінде бір рет сапарлап барып, ондағы ахуалмен танысуға мүмкіндік берілу керек деп есептейді.
Селекторлық жиын барысында облыс әкімі Ақмола облысындағы ірі кәсіпорындардың бірі болып табылатын «Новопэк» компаниясына қажетті 300 маманның әзір екенін баяндады.
Естеріңізге салсақ, жыл басында Ақмола облысының әкімі Мәлік Мурзалин Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған сапары аясында полиэтилен қаптарын шығаратын «Новопэк» зауыты мен басқа да өндірістік кәсіпорындарда жұмыс күшінің тапшылығы сезіліп отырғанын айтқан болатын. Артынша екі тарап келісімге келіп, маман даярлауға кірісіп кеткен-тін.
Биыл облысымызда «Серпін-2050» бағдарламасы аясында тегін оқу гранттарына үміткерлердің саны 8 мыңға жетіп отыр. Бұл көрсеткішті кемітпей, барлығына бірдей грант бөлуге үкімет тарапынан қолдау сұралды.
Айта кетейік, 2016 жылы «Серпін-2050» бағдарламсы бойынша 9 облыстағы (Солтүстік, Шығыс, Батыс Қазақстан облыстары, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Қарағанда, Атырау облыстары) 22 жоғары оқу орындарына 3162 және 30 орта арнаулы оқу орындарына 1000 республикалық грант бөлінген болатын. Тарқатып айтсақ, 2014 жылы 1000 грант бөлініп, күнгейлік 326 жас оқуға түссе, 2015 жылы 34 колледжге 1200 грант бөлініп, 359 талапкер білімін жалғастырды. Былтыр 31 колледжге 1000 грант бөлініп, өңірімізден 244 жас оқуға түсті. Жалпы соңғы 3 жылда Оңтүстіктен «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша ЖОО 4698, колледждерге 929 жас білім алуда.
2017-жылы Серпін бағдарламасы аясында ЖОО 3793 мемлекеттік грант, ал колледждерге 720 грант бөлінді.
23-31 шілде аралығында мемлекеттік грант иегері атануға өңіріміздің жас түлектерінен Серпін жобасына 7849 құжат тапсырылды.
Биылға ЖОО-на бөлінген гранттың 2500 -ін Оңтүстік түлектері иеленеді деген болжам бар.
Нақты мәліметті республикалық Ұлттық тестілеу орталығы ағымдағы жылдың 8 тамызынан кейін жариялайтын болады.