Оңтүстік Қазақстан облысында «Росатомның» шағын су электр станцияларын салу ісі қолға алынады. Бұл жобаны «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жүзеге асырады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Шымкент» ӘКК мен «Росатом Орталық Азия» аймақтық орталығы өзара түсіністік пен әріптестік келісіміне қол қойды. Оның мақсаты - Оңтүстік Қазақстан облысында шағын су электр станциясы мен басқа да баламалы энергия саласын дамыту, сондай-ақ, табиғат қорын тиімді пайдалану мен сақтау болып отыр. Құжатқа «Шымкент» ӘКК басқарма төрағасы Айтмұхаммед Алдажаров пен «Росатом Орталық Азия» бас директоры Виталий Драгунов қол қойды.
Тараптар Оңтүстіктің таулы аймақтарында қуатты 2МВт-қа дейінгі, контейнер типтес шағын су станцияларын салудың пилоттық жобасын бірге құрмақ. Келісілген әріптестік бойынша 2017 жылдың қыркүйек айының өзінде мамандар станцияларды салуға және су жинау құрылғысы мен контейнерлерді орнатуға қолайлы орындарды анықтау үшін алғашқы техникалық іс-сапармен келуді жоспарлап отыр.
Контейнердегі шағын СЭС шығарумен «Росатом» мемлекеттік корпорациясы «Атомэнергомаш» компаниясының құрамына кіретін Венгрияның Ganz Engineering and Energetics Machinery llc. (Ganz EEM) компаниясы айналысады. Шағын СЭС-терді тұрғындары электр желісіне қосылмаған аймақтарда қолдануға болады. Шағын СЭС турбинасы және басқару тетігі бар контейнерлер жеткізілген соң бір айдан кейін 1МВт-қа дейін электр энергиясын өндіре алады. Айта кетейік, шағын СЭС қашықтықтан, спутникалық байланыс арқылы басқарылады. Қазір шағын СЭС-терді өзге елдерге экспорттау бойынша келіссөз жүргізілуде.
Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысының тау өзендерінің мол әлеуетін ескерген қос тарап алғашқы жоба аяқталған соң да әрі қарай бірге жұмыс істеп, жергілікті әкімдікпен шағын су энергетикасы саласындағы басқа да жобаларды жүзеге асыруға ниетті.