25 қыр, 2017 сағат 15:42

ОҚО-да өзбекстандық инвесторлар тұрмыстық газ плитасын құрастыратын цехты іске қосты

Өзбекстан мен Қазақстан Республикасының сауда-экономикалық ынтымақтастығы алғашқы нәтижелерін бере бастады. Таяуда ғана Мемлекет басшысының Ташкентке жасаған ресми сапарында да жаңа келісімдерге қол жеткізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Енді екі ел арасындағы байланыстардың тереңдеуінің арқасында Оңтүстік Қазақстан облысында тұрмыстық техника яғни газ плитасын шағаратын цех іске қосылды. «Бадам» индустириалды аймағындағы   жаңа кәсіпорынды Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев арнайы аралап, жұмысымен танысып  шықты.     

Жылына 50 мың дана газ плитасын құрастыруға  қауқарлы жобаның құны – 102 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда кәсіпорында қондырғыларды орнату жұмыстары аяқталып, іске қосылған. 

«Әзірге біз жеке қаржымызға қондырғыларды сатып алып, орнатып шықтық. Мұнда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Шығарылған өнімді ішкі нарыққа саудалауды жоспарлап отырмыз. Біздің зауытта дайындалған газ плиталарының сапасы шетелдік өнімнен еш кем болмайды. Әрі бағасы да қазіргі нарықтағыдан төмен болады», - деді «Artel Manufacturing» ЖШС-нің директоры Рамзитдин Хикматов.

Жаңа кәсіпорынның жұмысын оң бағалаған облыс әкімі жергілікті билік тарапынан көрсетіліп отырған көмектердің тиімділігіне тоқталды.

«Қазақстан мен Өзбекстанның байланысы жаңа деңгейге көтерілді. Күні кеше ғана Елбасымыз Н. Назарбаев Ташкентке ресми сапармен барып, бірқатар жаңа келісімдерге қол жеткізді. Көрші елдің үш облысымен өзара түсіністік меморандумдарына қол қойдық. Жылы қарым-қатынастың алғашқы жетістіктері де көріне бастады.  Оңтүстік Қазақстан облысының экономикасына жаңа серпін беретін  индустриалды-инновациялық жобаларға қаржы салушы инвесторларды қашанда қолдауға әзірміз.  Ең бастысы – ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие, өнім өндіретін кәсіпорындардың қатарын көбейтуіміз керек. Бүгінгі біз аралап көрген кәсіпорынның өнімдеріне ішкі және сыртқы нарықтан да сұраныс мол болатынына сенімдімін», - деді Жансейіт Түймебаев.