Оңтүстік Қазақстан облыстық опера және балет театрында «Алтын күз» романс кеші өтті. Онда үздік классикалық романстар мен қазақ ән өнерінің інжу-маржандары орындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Поэзиямен әсем саз үйлесімді үндестік тапқан туындылар пианиноның сүйемелдеуімен орындалды. Кеште көрерменге есімі етене таныс театр әртістері Қайрат Құлыншақов, Алексей Скибин бастаған жиырма әнші өнер көрсетті. Ешқашан ескірмейтін жанр әр алуандығымен тыңдарманын таңдандырды.
Жалпы, романс - кез-келген қағып алып әуелете кететін оңай жанр емес. Сондықтан, мәдениет майталмандары бұл кешке тыңғылықты дайындалғандарын айтады.
«Негізінде романс миниатюра түріне жатады. Ол өте қиын. Өйткені бір кішкентай шығарманың ішінде сөз арқылы, музыка арқылы мазмұнын жеткізу керекпіз. Сондықтан бұл жанрды дайындау өте қиын. Оған уақытта көп кетед», - дейді облыстық опера және балет театрының концертмейстері Айгүл Айғазиева.
Айта кетейік, Еуропада ертеден тамыр жайған бұл өнер, қазақ топырағына ХХ ғасырдың 30-шы жылдары жетті. Бай музыкалық мұрамыз әр жылдары Абай өлеңдеріне жазылған романстармен толықты. Жасыратыны жоқ, қазақы қоғамда бұл өнердің тыңдармандар қатары қалың емес. Әйтседе, осындай өнер кештерінен қалыс қалмай, құлақтан кіріп бойды алар туындыларды жаны қалайтын жандар да аз емес.
«Өзім операны өте жақсы көргеннен кейін осындай керемет ән кештеріне жиі келіп тұрамын. Келіп отырған кезіңде бір айдын көлдің жанында, көк майсада, самал жел соғып тұрғандай әсер аласың. Жаның тынышталады. Қазір айтады ғой стресс, нервная система, анау-мынау дейді. Осындай кештерге көбірек келетін болса, стрессті де ұмытамыз, жанымызда ләззат алады», - дейді қала тұрғыны Зейнаш Қалдыбекқызы.