Оңтүстік Қазақстанда облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібековтің төрағалығымен облыстық ономастика комиссиясының отырысы өтті.
Басқосуға комиссия мүшелері мен аудандық, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары және тіл мамандары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінде елімізде моральдық, идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулардан арылу және тарихи атауларды жаңғырту бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта ұйымдастырылған мәжіліске Арыс, Шымкент қалалары мен Бәйдібек, Қазығұрт, Мақтарал, Отырар, Ордабасы, Түлкібас аудандарындағы мекемелер және әкімшілік-аумақтық бірліктердің атаулары қаралды. Ондағы құрамдас бөліктеріне атау беру мен атауларын қайта өзгерті жөнінде түскен 133 ұсыныс талқыланды.
Комиссия мүшелері ұсыныстың барлығын оң қорытындылап, заң аясында тиісті жұмыстарды жалғастыру жөнінде шешім қабылдады. Енді бұл шешімдер жергілікті атқарушы органдарға жолданады.
Қаралған ұсыныстардың ішінде мектептердің атауын өзгерту мәселелері де бар. Мәселен, Арыс қаласындағы «МТФ» шағын жинақты бастауыш мектебі енді «Ынтымақ» шағын жинақты бастауыш мектебі, «Лесхоз» шағын жинақты бастауыш мектебі «Бірлік» шағын жинақты бастауыш мектебі, Бәйдібек ауданындағы «Комсомол» жалпы орта мектебі «Қаратау» жалпы орта мектебі деп қайта аталмақ. Тек облыстық мәслихаттан қолдау тапқан жағдайда Республикалық ономастика комиссиясының қарауына енгізіледі.
Сонымен бірге, Мақтарал ауданындағы Жетісай қаласы мен Мырзакент кентіндегі біршама уақыттан бері сынға ілігіп жүрген кеңестік дәуірден қалған Садовый, Мехтупик, Киров, Комсомол, Октябрь, Южный, Аптечный, ДЭУ 300 сияқты атаулар жойылып, көшелер ұлттық танымға жақын атаулармен қайта аталатын болды.
Еске салайық, облыстық ономастика комиссияның биылғы сәуір айында өткен отырысында осындай 86 ұсыныс қаралып, ұсыныстар бірауыздан мақұлданған болатын.