Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалдының төрағалығымен «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру бойынша «Өңірлік үйлестіру кеңесінің» алғашқы отырысы өтті. Жиынға облыс және қала әкімдігінің өкілдері мен салаға жауапты басқарма басшылары, екінші деңгейлі банк өкілдері, құрылыс салушы компаниялар қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" аймақ басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырыста сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға шақырып, бүгінде құрылысын бастаған бірқатар компаниялардың ұсынған тұрғын үй жобаларына өзгерістер енгізу қажеттігін айтты.
Аталған бағдарлама шеңберінде жеке құрылыс салушылар тарапынан ұсынысты ынталандыру мақсатында екінші деңгейлі банктерге (ЕДБ) несие беру көлемдерін кеңейту арқылы құрылыс компанияларын қаржы ресурстарымен қамтамасыз ету қаралған. Осы мақсатта жеке құрылыс салушыларға ЕДБ беретін несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау құралы енгізіліп отыр. Мәселен, 2017 жылдан бастап, республикалық бюджеттен жыл сайын несие беру мөлшерлемесінің 7%-не дейін субсидия бөлінетін болады және ол «Даму КДҚ» АҚ қаржы агенттігі арқылы беріледі.
Кредит беру үшін оң қорытынды алған жеке құрылыс салушы бағдарламаға қатысушы ретінде «Өңірлік үйлестіру кеңесіне» (ӨҮК) өтініш жасайды. Кеңестің хаттамасының негізінде ЕДБ, жеке құрылыс салушы мен «Даму КДҚ» АҚ арасында үш жақты келісім жасалады. Соның аясында субсидия төлеу шарасы қамтамасыз етіледі.