12 қаз, 2017 сағат 18:04

ОҚО-да нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған семинар кеңес өтті

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штабының семинар кеңесі болып өтті. Кеңестің күн тәртібінде штабтың жұмысын одан әрі жетілдіру және жандандыру мәселесі қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Семинар кеңеске нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі  ведомствоаралық штаб мүшелері, қала, кент, ауыл және ауылдық округ әкімдерінің аталған салаға жауапты мамандары қатысты.

Жиында  аудан әкімінің орынбасары, нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штаб төрағасы Құдірет Қыстаубаев сөз сөйлеп, өзекті мәселеге тоқталды. Облыста нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарларды тарқатып айтты. Осыған орай, жоспарды сапалы орындау үшін  штабқа мүше ведомстволардың өзара бірлескен іс-әрекеттерін одан әрі жетілдіру жайын сөз етті. Жоспарға сәйкес, жыл аяғына дейін аудандағы қала, кент, ауыл және ауылдық округтерде ауданның наркологы, аудандық ішкі істер басқармасы есірткі бизнесіне қарсы күрес тобының жедел уәкілі, аудандық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігерлері тұрғындармен кездесу өткізетін болады. Ол басқосулардың тиімді болуы үшін ауылдың көзі қарақты ақсақалдары мен билерін, зиялы қауым өкілдері мен мектептердің тәрбие ісі жөніндегі директорларын, психологтар мен учаскелік полиция инспекторларын, жұмыссыз жастарды кездесуге қатыстыру тапсырылды.