29 қыр, 2017 сағат 09:03

ОҚО-да қарттарға құрмет көрсетілді

Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында 1 қазан - Халықаралық қарттар күніне орай мерекелік іс-шара болып өтті. Аудан өнерпаздарының сахналық көрінісімен басталған шарада аудан әкімі Ерлан Айтаханов қазыналы қарттарды төл мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету, ата-бабамыз ұстанған дәстүрлерді одан әрі жалғастыру бүгінгі ұрпақтың басты міндеті екендігін айтылған. Отырар ауданында өткен игі шара қазыналы қарттарды құрметтеп қана қоймай, олардың өнегелі істерін  кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.  

«Біз үшін ортамызда жүрген қарияларымыздың кезінде елі, халқы, келешек ұрпағы үшін жасаған игі істері ұмытылмас тарих, баға жетпес үлгі-өнеге. Қазіргі кезде біздің мемлекетімізде қарттарға үлкен мән беріп, көңіл аударып, жан-жақты үкімет тарапынан қамқорлық жасалуда. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбітшілік тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы деп есептейміз», - деді аудан әкімі Ерлан Айтаханов.

Шара барысында аудандық мәслихаттың хатшысы Мырзахан Манапов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзабай Өксікбаев және  ардагер ұстаз Гүлзейнет Әлмешовалар сөз алып, мерекеге орай өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Мерекелік шарада қариялар мен ардагерлерге аудан әкімі арнайы құттықтау хаттар мен заттай сый-сыйапаттар тарту етті. Мерекеге орай арнайы дастархан жайып, құрмет көрсеткен аудан әкімдігіне Соғыс және Еңбек ардагері Сәбит Тұрғанбай қария өзінің ақ батасын берді. Ел ағалары  аудан қариялары атынан алғыстарын  айтты.