03 қаз, 2017 сағат 13:42

ОҚО-да инвестициялық орталық 36 жобаны қаржыландырды

 

Биылғы сегіз айда «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығы мен «Ырыс» микро қаржы ұйымы бірлесе 5 868,5 млн теңгені құрайтын 2 096 жобаға несие берген. Бұл туралы бүгін ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығының басқарма төрағасы Қуаныш Байтөре мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Төрағаның мәліметі бойынша, қаржыландырған жобалар саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 43,5 пайызға артқан. Ал қаржыландыру сомасы 20,5 пайызға көбейіп отыр. Ал 2017 жылы қаржыландырылған ең көп жоба Мақтаарал ауданында болып отыр. Яғни, 1 млрд теңгеден астам соманы құрайтын 443 жоба қаржылай қолдау тапқан.
 
«2009-2017 жылдар аралығында қаржыландырылған жобалар келесі басым бағыттар аясында жүзеге асырылды. Атап айтсақ, индустрияландыру картасына енген 36 жоба 7 697,2 млн. теңгеге қаржыландырылса, мал шаруашылығы бағытында 22 957,3 млн теңгеге 10 186 жоба, дала жұмыстары бойынша 6 075,9 млн теңгеге - 5 098 жоба, ал ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге 1 559,2 млн теңгеге 55 жоба және тағы да басқа түрлі бағыттар қаржыландырылған»,- деді Қуаныш  Байтөре.
 
Бүгінде «ОҢТҮСТІК» АИО-ның несие қоржыны 12 665 млн теңгеге жетті, ал «Ырыс» МҚҰ несие қоржынының көлемі 10 664,0 млн теңгені құрап отыр. Инвестициялық орталықпен қаржыландырылған жобалардың 34 пайызы өндірістік бағытта болса, микро қаржы ұйымының несие қоржынының 65 пайызы мал шаруашылығына бағытталған.