03 қар, 2017 сағат 15:16

ОҚО-да имандылық тақырыбында облыстық семинар өтті

Оңтүстік Қазақстан облысында «Имандылық - рухани тәрбие бастауы» атты облыстық семинар болып өтті. Түлкібас аудандық орталық кітапханасында өткен шара барысында кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрменің ашылу салтанатына облыстық білім басқармасының басшысы, кітапхана қызметкерлері мен мектеп оқушылары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған шарада рухани байлықтарымызды бағамдап, болашақ ұрпақ кәдесіне жарайтын дүниелер жайы сөз болды. Адамгершілікті дәріптейтін облыстық семинар барысында адам бойындағы имандылық қасиеттері айтылды. Адамның бойына ізгі қасиеттерді ұялататын, тазалыққа, имандылыққа тәрбиелейтін кітаптар кеңінен таныстырылды.

Халқымыздың сан ғасырлық рухани байлығы саналатын орталық кітапхана қорында сақталған көне кітаптар мен қолжазбалар көпшілік назарына ұсынылды. Жиында кітапхана қызметкерлері имандылық тәрбиесі - өркениетті ел болуға ұмтылған бүгінгі қазақ қоғамы үшін көкейкесті мәселе екенін айта келе,  жас ұрпақтың жүрегіне имандылық дәнін сеуіп, оны одан әрі дамыту білікті ұстаздардың, тарихқа жетік, салтқа берік білікті мамандардың қолында екенін тілге тиек етті.

Басқосуда, сондай-ақ, белсенді оқушылар өлең жолдарын оқып, жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.