Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында жылына 4 мың комплект жиһаз шырауға қауқарлы жаңа фабрика іске қосылды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Құны 506 млн теңге болатын жобаның 300 млн теңгесін кәсіпкер «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында алған. Мұнда 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Фабриканың жұмысымен танысқан облыс әкімі Ж.Түймебаев шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, бұл ел экономикасының дамуының кепілі екенін айтты.
«Жалпы өнеркәсіпті дамыту Елбасымыздың біздің алдымызға қойған міндетінің бірі. Бүгін міне, Сайрам ауданында қаншама тұрғынды жұмыспен қамтып отырған жаңа кәсіпорын ашылып отыр. Сонымен қатар, фабриканың ашылуымен ауданның өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі артатын болады. Сіздер өз сөздеріңізде фабриканың өнімі Италия жиһаздарынан кем болмайды дедіңіздер. Бұдан былай жұрт «Сайрам сапасы» деген терминді қолданатындай дәрежеге жетіңіздер», - деген әкім кәсіпорынның жұмысшыларына сәттілік тіледі.
Мұндағы өнімнің сапасы жоғары сапалы неміс және италиялық жабдықтар мен заманауи материалдарды пайдалану арқылы қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, фабрика өнімдері сапа менеджменті мен экологиялық таза деген сертификатпен расталған. Бұдан бөлек, өндіріс орны Италия дизайнерлердің қатысуымен экологиялық таза материалдарды және сенімді компоненттерді пайдалана отырып, тұтынушыға тек жоғары сапалы жиһаз ұсынбақ.
«Bella Mebel» тауар белгісімен шығатын фабриканың өнімдерін алдағы уақытта еліміздің барлық аймақтарындағы жиһаз дүкендерінен сатып алуға болады.
Жалпы Сайрам ауданындағы өнеркәсіп құрылымының 86 пайызын өңдеу өнеркәсібі құраса, оның ішінде жиһаз шығару саласындағы үлесі 1 пайызды ғана құрайтын. Осы ретте, ауданда ашылып отырған жиһаз шығаратын фабрика өнім көлемін 600 млн теңгеге дейін арттырып, өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 3 пайызға дейін артпақ.