29 қар, 2017 сағат 18:42

ОҚО-да дзюдодан халықаралық турнир өтті

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш қаласында дзюдодан жастар мен жасөспірімдер арасында халықаралық турнир өтті. Тұңғыш президент күніне арналған дәстүрлі жарысқа 500-ге жуық спортшы қатысты. Татамидегі белдесу бәсекесі қазақ пен өзбек балуандары арасында өрбіді, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі.

Дзюдошылар жарысында олжа салғандардың алды осы күні әлемдік ареналарда ел намысын аброймен қорғап жүр. Жарысқа қатысушылар қатары да жылдан жылға артып келеді. Биыл көршілес Өзбекстанан 100-ден аса спортшы келіпті. Сондай-ақ Тәжікстан мен Қырғызстан және еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 500 ге жуық үміткер 3 күн бойы 9 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Бәсекелестік болған жерде бәс көркінің де қыза түсері белгілі. Татамидегі әрбір белдесу тартысқа толы болды.

Бақтияр Құнақынов, самбодан әлем чемпионы:

- Елбасымыз мақаласында, жүрген жерінде әрдайым ауыл спортын көтеру туралы айтады. Әлем чемпиондары олимпиада чемпиондары бәрі ауылдан шығып жатыр өздеріңіз көріп отырсыз. Құдай бұйырса, осы бізде - елімізде, ауылдарда осындай әлем чемпиондары, олимпиада чемпиондары шығады деген үміттеміз.

Жарыстың алғашқы күні өзбек спортшыларының қарқыны күшті болды. Олар 4 салмақтың үшеуінде топ жарды. Дегенмен біздің дзюдошылар намысты қолдан берген жоқ. Данияр Шамшаев пен Абылай Өтеуов, Жорқамырза Шүкірбековтер өз салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаз атанды. Командалық сында жерлестеріміз бас жүлде иеленсе, Өзбекстан құрамасы екінші, Тәжікстандықтар үштікке табан тіреді.

Әуезхан Жұмабайұлы, жаттықтырушы:

- Спорттың қай түрі болса да, "күш атасын танымас" деген бар ғой. Бүгін мына Өзбекстанның балуандары жақсы өнер көрсетіп жатыр. Себебі олар өз еліндегі мықты-мықты балуандарын әкелді 1-ші 2-ші 3-ші нөмірлі балаларын әкелді. Ал біздер, негізінен, ысылып, кішкене тәжірибе жинақтасын деп жастарды көбірек қойып отырмыз. Құдай қаласа, бұлардың ішінен жақсы балуандар шығады.

Мықтыны жеңбей мықты болмайтының анық. Өзбек мықтыларымен иық тірестіріп жүрген балғын дзюдошылармыздың болашағы жарқын деп білеміз. Жалпы, тәжірибе алмасып, шеберлікті шыңдау үшін жастарға осындай жарыстар қажет.