13 қыр, 2017 сағат 00:46

ОҚО-да бос жатқан жерлер мемлекетке қайтарылуда

Оңтүстік Қазақстан облысында бос жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстары жалғасуда. Бұл мәселе облыс әкімінің орынбасары Ербол Садырдың төрағалығымен өткен кеңесте кеңінен талқыланып өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аудан, қала әкімдерінің салалық орынбасарлары мен жер қатынастары саласына жауапты бөлім басшыларының қатысуымен өткен жиында  жер қатынастарын дамыту мәселелері сөз болды. Облыстық жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Қарсыбек Ертуов ағымдағы жылдың соңына дейін облыс бойынша 106 131 жер пайдаланушының ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлеріне және 842 елді мекеннің 811,8 мың га жеріне құжаттамалық ревизия жұмыстарын жүргізу және аудан, қала әкімдіктерімен жайылымдарды басқару, оларды пайдалану жөніндегі жоспарды жергілікті өкілді органдармен бекіту жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Бұл бағытта бірқатар аудан, қала әкімдіктері тарапынан атқарылмай отырған жұмыстарға тоқталды. Оның сөзінше биылғы жылы өңірде  467 жер пайдаланушының 63,8 мың га пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері мемлекет меншігіне  қайтарылған. Сонымен қатар облыс аумағындағы құбырлардың қорғау және қауіпсіздік аймақтары шегіндегі жер учаскелерін пайдалану мәселелері бойынша іс-шаралар жоспарының орындалуы барысына талдау жасалып, бірқатар аудан, қала әкімдіктерімен атқарылуы тиіс жұмыстар атқарылған.

Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр барлық аудан, қала әкімдіктеріне жер қорына құжаттамалық ревизия жүргізу, ауыл шаруашылығы жерлеріне түгендеу жұмыстарын жалғастыру және құбырлардың қорғау аймақтарына түскен құрылыстарды көшіру бойынша нақты тапсырмалар берді.