23 қар, 2017 сағат 15:45

ОҚО-да биыл 50 мыңнан астам азамат жүргізуші куәлігін алған

Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласындағы мамандандырылған ХҚКО 10 айда азаматтардан 175 мыңға жуық құжат қабылдаған. Сондай-ақ, 51 794 жүргізуші куәлігі берілген. Бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің директоры Еркебұлан Әлсейітов мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазіргі таңда «Достық» шағын ауданында орналасқан мамандандырылған ХҚКО-да азаматтар өз автокөліктерін қайта тіркеуден өткізіп, қажетті категория үшін тәжірибелік емтиханды тапсыра алады. Сондай-ақ, мамандандырылған орталықта жүргізуші куәлігін алу үшін медициналық тексеруден өтуге де мүмкіндік бар.

«Айта кететіні, дайын жүргізуші куәлігін кез келген Шымкент қаласындағы ХҚКО-дан алуға болатын жоба іске қосылды. Пилоттық жоба қызмет алушылардың уақытын үнемдеуге және мамандандырылған орталықтарда кезекті азайтуға мүмкіндік береді», - деді Еркебұлан Асанбайұлы.

Департамент директорының мәлімдеуінше, ағымдағы жылдың маусым айынан бастап жаңа «Тәулік бойы» жұмыс істейтін пилоттық жобасы іске қосылған.  Жоба негізінде қала тұрғындары мен қонақтары сағат 20.00 мен 24.00 аралығында мемлекеттік қызметтерді алуға өтініш бере алады. Маусым айынан бастап «Тәулік бойы» жұмыс режимінде азаматтарға 3500-ға жуық қызмет көрсетілген.

Сондай-ақ, www.egov.kz электрондық үкімет порталында әрбір пайдаланушыға жеке кабинет жұмыс істейді. Онда түрлі мәліметтер және пайдалы сервистік қызмет түрлері енгізілген. Мәселен, кез келген азамат әкімшілік айыппұлдар жайлы ақпарат алып, тұрғын-үйге кезекке және некеге тұру сынды қызметтерді пайдалана алады