21 қар, 2017 сағат 09:26

ОҚО-да биыл 5 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілді

Оңтүстік Қазақстан облысында биылғы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы көлемі 526 мың шаршы метрді (5 246 пәтер) құраған. Бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі брифингте Шымкент қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Әбілсейіт Рабаев мәлім етті деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 20,9 пайызға артып отыр. Ал облыс орталығы Шымкент қаласында биыл жалпы аумағы 302 мың шаршы метрлік 5 мыңнан астам пәтер ел игілігіне беріледі.

Сонымен қатар, «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы аясында облыста құрылысы жоспарланған 231 нысанның жыл соңына дейін 115-ін пайдалануға тапсыру межеленген. Ал жылдың басынан 1-қарашаға дейін 61 нысан пайдалануға тапсырылған. Қалған 54 нысан жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, Шымкент қаласында биыл 201 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

«Айта кетерлігі, Шымкентке жалпы құны 22,5 млрд теңгеге 46 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде әкімшілік-іскерлік орталығында 32, арендалық 16, дәл сондай несиелік 16 тұрғын үй салынуда. Бұдан бөлек «Шымкент сити» шағын ауданында жалпы 14 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп келеді», - деді Әбілсейіт Рабаев.

Сонымен қатар, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Ақылбек Қоспановтың айтуынша, аталған банк жүйесі бойынша биыл өңірде 982 пәтер пайдалануға беріледі. Ал 2018 жылы «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында облыс орталығы Шымкент қаласында 2 500-ге жуық пәтер салу жоспарланған.

«3-дәрежелі баспананың шаршы метрі 140 мың теңге. Жалпы қазіргі таңда облыс бойынша 57 мыңға жуық салымшыларымыз бар. Ал олардан жинақталған сома 27 млрд теңгеден асады. Сондай-ақ, баспананы алудың тәртібіне тоқтала кетсек, конкурстан өткен салымшы үйдің жалпы құнының 30 пайызын жинақтау керек.  Қалған 70 пайызын банк 5 пайыздық мөлшермен 6-15 жылға дейін несиеге беретін болады», - деді Ақылбек Қоспанов.

Айта кетерлігі, «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламалары бойынша халыққа тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру барысында пайыздық үстемелер 5 пайыздан да төмендетілді.