21 қар, 2017 сағат 20:44

ОҚО-да бір мезетте 10 мың қойды бордақылайтын кешен салынуда

Қазығұрт ауданындағы «Сапа - 2002» серіктестігі құны 275 млн теңге болатын мал бордақылау кешенінің құрылысын жүргізіп жатыр. Мұнда салмағы 90-95 келі тартатын қазақтың асыл тұқымды қылшық жүнді құйрықты қойы мен меринос қойы өсірлуде. Осындай игі жұмыстардың барысымен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ауданға жасаған жұмыс сапары кезінде танысып шықты, деп Ұлт.кз тілшісі.

Шаруашылықтың жұмысымен таныстырған серіктестік басшысы Нұржан Әшіров ет экспортын дамытуды қолға алып жатқанын атап өтті.

Осы ретте, Жансейіт Түймебаев өңдеу өнеркәсібіне көңіл бөлу керектігін айтып, малды тірідей сатудан бөлек, оның етін терең өңдеп сату мәселесін де қолға алуды ұсынды.

«Түрлі тағамдарға арнайы дайындап, етті шетелге экспорттауға болады. Бұл қай жағынан алып қарасақ та тиімді», - деген өңір басшысы аудан әкіміне кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Бүгінде мұнда құны 275 млн теңге болатын мал бордақылау кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазір оның 170 миллионы игеріліп, 6,5 мың қой сиятын алаңның құрылысы біткен.

«Сапа - 2002» ЖШС-нің басшысы Нұржан Әшіровтің айтуынша, бүгінде мұнда 4,5 мың қой бордақыланып жатыр екен. Алдағы уақытта жылына 1 мың тонна жоғары сапалы қой етін өндіруді мақсат етіп отырған шаруашылық жоба толық аяқталса, бұл кешенде бір мезгілде 10 мың қойды бордақылауға мүмкіндік туатынын айтуда. Сондай-ақ, мұндағы қозы етіне ирандықтар мен арабтар қызығушылық танытса, семіз қойларға Өзбекстан елінен сұраныс бар көрінеді. Мемлекеттік қолдаулар нәтижесінде жаңа техникаларға қол жеткізіп кәсібін өркендетіп отырғанын айтқан шаруашылық иесі жұмыспен 120 адамды қамтып отырғанына тоқталды.

Айта кетейік, «Сапа - 2002» ЖШС-де қойдан бөлек, жылқы мен ірі қара да бар. Жалпы, мал басы 9 мыңнан асқан. Малдың жем-шөбі де осында әзірленеді. Себебі «Сапа-2002» ЖШС мал шаруашылығымен қатар элиталы бидай, мақсары және жоңышқа тұқымын өндірумен айналысады. Өсімдік майын шығаратын цехы да жұмыс істейді.