Оңтүстік Қазақстан облысында «Бақытты отбасы» байқауы өтті. Төлеби ауданының белсенді жастары ұйымдастырған сайысқа 11 жанұя мүшелері қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Қатысушылар байқау барысында көпшілікке өнегелі отбасыда ғана үлгілі ұрпақ өсетінін жеткізуге тырысты. Отбасылық сайыс 8 кезеңді қамтыды. Байқауда халқымыздың қанына сіңген, сүйегіне өткен, ұлттық кодымыз болар салт-дәстүрлер жаңғырды.
«Негізгі мақсатымыз - отбасындағы ынтымақ, бірлік, құндылықтар, татулық, сыйластықты дамыту болды. Алдыңғы жылы бұл сайыс спорттық іс-шара ретінде өтетін. Бұл жылы мәдени өнерімен шыңдалу үшін сахнада өткізіп жатырмыз. Әр үй өз отауында орнаған шаттық сырымен бөлісті», - дейді Төлеби аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Қайрат Қыпшақов.
Өзара тартысты өткен сайыста әрбір қатысушы командасы үшін барын салды. Қай отбасының бірлігінің бекемдігі, ырысы тасқаны, мерейі асқаны да жарыс барысында белгілі болды. Тағылымды шарада отбасы мүшелерінің спорттық өнерімен бірге, бала тәрбиелеудегі біліктілігі де бағаланды.
«Балаларды сахнаға шыңдап, өнерге бейімдеп, отбасылық жылулықты жастайынан сезініп өссе дейміз. Елбасымыз мақаласында айтқан, балаларды білімді, білікті, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, жеке тұлғаны даярлау мақсатында жұмыс жасап жатырмыз», - дейді Рыспаевтар әулетінің отанасы.
Байқау нәтижесі бойынша бас жүлдені Сатыбалдиевтер отбасы жеңіп алды. Ал, бірінші орынды Сиқымбаевтар әулеті иеленсе, екінші орынды Рыспаевтар шаңырағы місе тұтты. Қалған қатысушалар әр түрлі номинациялар бойынша ынталандыру сыйлықтарына ие болды.