Оңтүстік Қазақстан облысында ауылға барған дәрігерлерге 1 миллион теңгеден беріледі. Бұл туралы бүгін ОҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев мәлім етті. Облыстың бас дәрігерінің сөзінше облыс басшылығы жас мамандарға көп жағдай жасап, қаржы көлемін көбейтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұған дейін ауылды жерлерге барған дәрігерлерге 100 мың теңгеден бір реттік көмек беріліп келді. Алайда бұл мәселе облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлының қолдауымен қайта қаралып, облыстық мәслихаттың шешімімен берілетін қаржы көлемі ұлғайтылды. Ауылды жерлерде дәрігерлер тапшылығын төмендету мақсатында онда жолданатын мамандардың әлеуметтің көмек пакетіне өзгерістер енгізілді. 2018 жылдың қаңтар айынан бастап ауылдық жерге жолданатын жас мамандар бір реттік 1 миллион теңге көмек алатын болады», - деді Мұқан Кеңесбекұлы.
Басқарма басшысының сөзінше, 1 млн теңге дәрігерлерге Оңтүстік Қазақстан облысында ғана беріледі. Бірақ келісім бойынша ауылды жерлерге жұмысқа баратын мамандарға бес жыл қызмет ету міндеттеледі. Бұған дейін бұл мерзім үш жыл болатын.
Сондай-ақ, облыстың денсаулық сақтау саласында кешенді медициналық ақпараттық жүйе енгізілуде. Бұл мақсатта 8 582 компьютерлік техника сатып алынған. Жыл соңына дейін облыстың барлық медициналық ұйымдарының жұмысы 100% компьютерге көшеді деп жоспарланып отыр. Бірыңғай сервер медициналық ұйымдарын пациент туралы электрондық ақпарат алмасу үшін байланыстырады. «Жинақ ақпарат автоматтандырылған түрде жергілікті атқарушы органдардағы ситуациялық орталықта түседі. Қағаз түріндегі құжат айналымы азаяды, бұл өз кезегінде пациенттердің медициналық ұйымдары арасында бос жүруі едәуір қысқарады», - дейді Мұқан Егбізбаев. Осылайша оңтүстік тұрғындары елімізде алғашқы болып электрондық денсаулық паспорттарын алмақшы.