Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылында ауыл жастарының форумы өтті. «Тәрбие отбасынан басталады» тақырыбымен өткен жиынға 600-ден астам жастар қатысты , деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастырған жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын насихаттау және түсіндіру, сонымен бірге оны жүзеге асыру және қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайындағы қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мәселелері сөз болды. Форумды ашып, жүргізіп отырған Сайрам ауданының әкімі Бақтияр Мамаев өз сөзінде Елбасының бағдарламалық мақаласында айтылған мақсат-міндеттерге тоқталып, оны іске асыруда жастарға артылар жауапкершілік жайын сөз етті. Ал облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов елдің бірлігі мен ынтымағын сақтап, этносаралық татулықты нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
«Елдің бірлігі, татулығы мен тыныштығының нәтижесінде бүгінгі таңдағы табыстарға жетіп, елдігімізді нығайтып келеміз. Ендеше, ел бірлігі кейінгі буынға аманаттар ең басты байлығымыз болуы керек. Ол үшін осынау жалпы ұлттық құндылықтар жайлы әңгіме әр отбасыда, дастархан басында айтылуы тиіс», - деді Мұратәлі Оразалыұлы.
Форумда сонымен қатар Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икромжан Хашимжанов пен облыстық білім мен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының, облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығы мен жастар ресурстық орталығының басшылары сөз сөйледі. Еркін форматта өткен жиын барысында жастар дін, жастар саясаты, жұмыспен қамту, білім саласына қатысты өздерінің көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, сала мамандарынан тұшымды жауаптар алды. Қатысушылар форум соңында жастарға арнап өзара достық пен ынтымақты сақтау, нығайту жөнінде үндеу жариялады.