Оңтүстік Қазақстан облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Мақтарал ауданының жастарымен кездесті. Аудандық мәдениет үйінде өткен жиынға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов пен аудан әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков және жастары қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Еркін форматта өткен жиынға аудандық прокуратураның қызметкерлері мен аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, аудан әкімдігіне қарасты бөлімдердің басшылары мен этномәдени бірлестіктер жанындағы жастар қанаттарының мүшелері де шақырылды. Басқосуда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын насихаттау және түсіндіру, сонымен бірге оны жүзеге асыру, қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайында сананы жаңғырту жайы кеңінен сөз болды.
«Тұрақтылық пен даму, татулық пен достық - бәрімізге ортақ қастерлі құндылықтар әрі тәуелсіздігіміздің басты тірегі. Елімізде жүргізілген салиқалы саясаттың арқасында бірлігі жарасқан, берекелі елде ғұмыр кешіп жатырмыз. Тыныштығы бұзылған елдерде не болып жатқанын өздеріңіз біліп отырсыздар. Ғасырлар бойы қол жеткізген жетістіктері әп-сәтте күл-талқан болып, қаншама адамдар опат болуда. Сондықтан, біртұтас халық болып, берекелі ғұмыр кешудің үлкен бақыт екенін ұмытпауымыз тиіс. Жастар осы жолды табанды түрде жалғастырып, көздің қарашығындай қорғауы керек», - деді жиында сөз сөйлеген облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов.
Кездесу барысында «Тұрақтылық - тұғырымыз» тақырыбында дайындалған бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, жастар жұмыспен қамту, білім, кәсіпкерлік, дін мәселелеріне қатысы өздерінің көкейлерінде жүрген сауалдардын қойып, сала мамандарынан тұщымды жауаптар алды.