25 қар, 2017 сағат 20:06

ОҚО-да Әшірбек Сығайға 70 жыл толуына орай еске алу кеші өтті

Оңтүстік Қазақстан облысында Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Кентау қаласының біртуар тумасы Әшірбек Сығайға 70 жыл толуына орай еске алу кеші өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кентау қаласында өткен шара Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды. Алдымен Шәмші Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында орталық кітапхана мен Кентау қалалық музей тарапынан көрнекті театр сыншысына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Онан соң жиын өтіп, оны облыстық мәдениет басқарма басшысының міндетін атқарушы Асылбек емірханов ашты. Жиналған қауым алдында сөз сөйлеген басшы Әшірбек Сығайдың отбасына облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың арнайы құттықтауын тапсырды. Кейіннен көпшілік «Өмір жолы» атты бейнефильм мен театр сыншысының өмір жолына арналған екі көріністік қойылымды тамашалады. Оның өмірі мен еңбектері туралы айтып, ақын-жазушылардың арнаулары оқылды. Қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев театр сыншысының жасаған еңбектерін атап өтіп, асыл жары Күләш Дулатбекқызы мен ұлы Қанат Әшірбекұлына құрмет көрсетті.

«Әшірбек Төребайұлы көзі тірісінде театр, драматургия туралы 20-ға жуық кітап, мыңға тарта тамаша мақала жазған. Қазақ театр сынында жаңаша жол салған айрықша тұлға. Ол қазақ өнертанушылары арасында театрды өнер ретінде, ұлт үшін маңызы бар қоғамдық құбылыс ретінде алғаш таныған сарабдал сыншы», - деді Кентау қаласының әкімі.

Жиында Әшірбек Сығайға арналған әуендер мен өлең жолдары жиналған қауымның жанын тебірентіп, ерекше күйге бөледі. Марқұмның замандастары, ағайын-туыстары, достары біртуар азамат туралы естеліктерімен, қызықты әңгімелерімен бөлісті. Салтанатты шара соңында Әшірбек Сығайдың аудармасы «Жүрейікші жүрек ауыртпай» қойылымы көрсетілді.