Шара аясында өңір шаруалары марапатталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында алғашқы рет «AGROFEST-2017» ауыл шаруашылығы фестивалі өтті.
Аграрлы аймақтың шаруалары мемлекеттің қолдауы мен тынымсыз еңбектің арқасында биыл егіс науқанын жақсы көрсеткішпен аяқтады. Мерекелік шараға ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, еңбек озаттары, кәсіпкерлер, халық қалаулылары мен сала мамандары бастаған жалпы 8 мыңға жуық адам қатысты.
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған фестиваль қонақтары, алдымен, ауыл шаруашылығы саласының жетістіктерін айшықтайтын көрмемен танысты. Көрмеде халықтың назарына ауыл шаруашылығы өнімдері, асыл тұқымды төрт түлік малының түрлері мен озық техникалар ұсынылды.Фестиваль аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде облыстың барлық ауданынан жиналған 182 тонна табиғи таза өнім нарықтағы бағадан 15-20 пайыз арзан бағаға сатылды.
Түймебаев жыл бойына тынымсыз еңбек еткен ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, аталған салада белсенділік танытып, үздік көрсеткішке қол жеткізген шаруалар мен аудандарды марапаттады. Өңір шаруалары «Озат астық жинаушы», «Озат мал бордақылаушы», «Озат бақша өсіруші» сынды 27 номинация бойынша марапатқа ие болса, аудан-қалалар арасында 15 бағыт бойынша үздіктер анықталды.
«Облысымыздағы ауыл шаруашылығы экспортының көлемі бүгінгі таңда 211,4 млн. АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға өсті. Импорт көлемі 320 млн. АҚШ долларына жетіп, 4 пайызға кеміді. Осылайша республикада облыстың үлесі 13 пайызға жетіп отыр. Осы жылы мал шаруашылығы саласының еңбеккерлері де толағай табыстарға қол жеткізгенін байқауға болады», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Фестиваль мұнан соң орталық атшабардағы қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ, қазақ күресі сынды ұлттық спорттың 12 түрінен сайыстарға ұласты. Түрлі аудандардан жиналған білектілер өзара мықтыларды анықтады. Үздік атанған барлық қатысушы мен спортшыларға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Мереке аясында 16 киіз үй тігіліп, фестиваль қонақтарына арнап ұлттық тағамдар мен сусындардан дастархан жайылды. Мерекелік шара соңы облыстық өнер жұлдыздарының гала концертіне ұласты.