Бүгінде елімізде адвокаттар тапшылығы сезіліп отыр. Орташа есеппен алғанда 1 адвокатқа шашамен 4000 азаматтан келеді. Бүгін бұл туралы ОҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Оңтүстік Қазақстан облысы Әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы Мұхит Тұрғараев мәлім етті, деп хабарлйды ҚазАқпарат.
Мәслихат барысында қоғамдық талқылауға түсіп жатқан адвокаттық қызмет пен құқықтық көмек туралы кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларының тұжырымдамалары түсіндірілді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы 4 жылдың ішінде адвокаттар саны тек 300-ге ғана өскен. Өйткені адвокат атану оңай шаруа емес. Ол үшін заңгерлік жоғары білімінің болуы, адвокаттар алқасында 6 ай немесе 1 жылға дейін тағылымдамадан өтуің тиіс. Тағлымдамадан өтудің жылдық құны - 140 мың теңгеден 280 мың теңгенің көлемінде. Сондай-ақ, әр аймақта алқаға кіру үшін алғашқы жарна сомасы 800 мың теңге болып белгіленген. Осылайша үміткерге адвокат мәртебесін алу үшін орта есеппен 1 млн теңге төлеуі қажет. Мұхит Бекетұлы адвокаттар тапшылығының негізгі себептері ретінде осы түйткілдерге тоқталды.
«Мамандыққа кіруді жеңілдету мақсатында жаңа әзірленіп жатқан заң жобасында жарна төлеу мәселесі алынып тасталатын болады. Бұл адвокаттар санының өсуіне, олардың арасындағы бәсекелестікті күшейтіп, қаламақыны төмендетіп, олардың кәсіби деңгейін жоғарылатуға ынтраландырады», - дейді Мұхит Тұрғараев.
Тағы бір түйткілді мәселенің бірі - бұл алқалардың қаржылық қызметінің ашықтығы. Яғни, жаңа заң жобасына адвокаттар алқаларының кірістер мен шығыстары туралы ақпаратты міндетті түрде жариялау енгізілетін болады. Сондай-ақ, жаңа заң аясында адвокаттардың міндетті жылдық кәсіби біліктілігін арттыру ісі де қолға алынбақ. Бұл ретте Франция, Ұлыбритания, АҚШ елдерінің тәжірибесі қолданылатын болады.
Бұдан бөлек, халықтың әлеуметтік осал топтарына тегін заңгерлік көмек көрсету мақсатында «Pro bono» тәжірибесін енгізу қарастырылуда. Ол үшін адвокаттарға жылына тегін заң көмегін беру құқығы ұсынылады.
Сонымен қатар, жеке тәжірибешілердің құқықтық мәртебесін, олардың құқықтары мен міндеттерін анықтауды заңды түрде белгілеу ісі қолға алынбақ. Яғни, өзін-өзі реттейтін ұйымдарды адвокаттық палаталар түрінде құру жоспарланып отыр. Онда заңгерлік көмек көрсететін жеке тұлғалар мен заңгерлік кеңес беретін адвокаттар үшін өз еркімен заң кеңесшілерінің палатасына кіруге құқық беріледі. Жалпы алғанда, заң жобаларының тұжырымдамалары азаматтарға қолжетімді және сапалы құқықтық көмек көрсетуге бағытталған.