24 қаз, 2017 сағат 13:14

ОҚО-да 2021 жылы халықтың 95,5 пайызы газбен қамтылады

Оңтүстік Қазақстан облысында 2021 жылға қарай халықтың 95,5 пайызы газбен қамтылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" әкімнің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған меже 2017-2021 жылдарға арналған облыстың елді мекендерін газдандырудың жоспары негізінде жүзеге асады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен кезекті мәжілісте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы мәлім етті. 

«Жалпы облыс халқы жылына 1,1 млрд.м3 табиғи газ тұтынады. Оның 840 млн.м3 қыс маусымында, ал 293 млн.м3 жаз маусымында. Біздің өңір табиғи газбен 3 бағыт арқылы қамтамасыз етіледі. Олар: Өзбекстан Республикасының «Газли-Шымкент» және «БГР-ТБА» магистралды газ құбырлары, отандық «Бейнеу-Бозай-Ақбұлақ» магистралды газ құбыры, Түркменстан Республикасының «Қазақстан-Қытай» транзиттік магистралды газ құбырлары», - деді Марғұлан Зұлхарнайұлы.

Одан бөлек, басқарма басшысы Шымкент қаласы аумағында 509 нысан газ құбырларын қорғау аймағы шегін бұзып орналасқандығын жеткізді. Бұл өз кезегінде сол маңда орналасқан ғимараттар мен тұрғындардың өміріне елеулі қауіп туғызып отыр.

Мәжілісте сөз алған облыс әкімі ең бірінші кезекте жылыту маусымына дайындық жұмыстарын тағы да пысықтап, төтенше жағдайлардың орын алмауына мән беруді жүктеді.

«Шымкент қаласын қысқы маусымға дайындық жұмыстарын толық қадағалауда ұстау керек. Сондай-ақ, төтенше жағдайларды алдын алуға мән берген жөн. Өздеріңізге мәлім, биылғы жылы 8 қаңтарда газ жүйесі ақауынан жарылыс болғанын. Ал енді қыс алдымызда келе жатыр, осыған орай басқарма және әкімшілік бірлесіп автоматты жылыту жүйелері орнатылған тұрғын үйлерге түгендеу жұмысын жүргізсін. Екіншіден, газ құралдарының қауіпсіздігін  тексеретін  техникалық инспекция  құрылуы тиіс», - деді әкім.

Халықтың қауіпсіздігі басты назарда болу керек екенін айтқан аймақ басшысы әрбір басшы өз функционалды қызметтерін дұрыс атқару талап етілетінін жеткізді.

Одан бөлек, әкім Сарыағаш, Мақтарал, Төлеби аудандарында бірқатар мектептердің жылу жүйесі газға ауыспағанын айтып. Бұл бойынша аудан, қала  әкімдіктерінде арнайы комиссия құрылып, жұмыстың орындалуын бақылауды тапсырды.

Айта кетейік, облыста  жылу беру маусымына дайындық жұмыстары сәуір айынан басталған. Аудан, қала әкімдіктері мен облыстық басқармалардың мәліметіне сәйкес, барлық дайындық жұмыстары 100 пайыз орындалып отыр.

Көмір бағасын тұрақтандыру бойынша басқарма тарапынан көмір жеткізуші мекемелермен келіссөздер жүргізілген. Нәтижесінде сатылу бағасын Майкөбе көмірінің 1 тоннасын 12500 теңгеге, ал Шұбаркөл көмірін 13 мың теңгеге дейін төмендетуге қол жеткізіліп отыр.