Халықаралық қарттар күніне орай облыста алдыңғы буын өкілдеріне құрмет-ілтипат көрсету шаралары одан әрі жалғасын табуда. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қазыналы қарияларды құттықтау үшін облыстық ардагерлер кеңесіне арнайы ат басын бұрды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аймақ басшысы орталық саябаққа жиналған ел ағаларымен кездесіп, олардың хал-жағдайын сұрады. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» екенін атап өтіп, қоғам өміріндегі ардагерлер атқарып отырған ауқымды жұмыстарды сөз етті. Елдің бірлігі, тұрақтылық, ұрпақтар сабақтастығы туралы ойын ортаға салды.
«Оңтүстік өңірінде облыста бүгінде 200 мыңнан аса зейнеткер тұрады. 218 Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Олардың арасында кешегі күні ел қорғаған ерлер де, шаруашылықтың сан-саласында еңбек еткен көптеген мамандық иелері де кездеседі. Ардагерлер өз уақытында бойындағы білімі мен білігін, күш-жігерін ел игілігі үшін жұмсады, Елбасымыз атап көрсеткендей енді олардың қай-қайсысы да ұмыт қалмауы тиіс», - деді Жансейіт Түймебаев.
Облыс басшысы ақсақалдарға құттықтау сөзін айтып, отбасылық құндылықтар, бала тәрбиесі жөніндегі еңбектері үшін жылы лебізін арнады.
«Мынау тіршілікте, жалпы қоғамда сіздердің алатын орындарыңыз ерекше. Сіздер оңтүстік өңірінің дамуына, еліміздің егемендігі үшін айрықша еңбек сіңірдіңіздер. Сіздерді біздің алтын қазынамыз деп есептейміз. Сондықтан да ақыл-кеңестеріңіз, өмірлік тәжірибелеріңіз кейінгі жастар үшін үлгі өнеге», - деді облыс басшысы.
Айта кетейік, облыстағы зейнеткерлердің 600-ге жуығы жасы 100-ден асқан ата-әжелер, 80-нен астамы - жалғызілікті қариялар. Қуантарлығы сол, қарттарға деген қамқорлық жылдан жылға артып келеді. Мәселен, жалғызбасты қарияларға ай сайын бір айлық есептік көрсеткіш есебінде қаржылай көмек беріледі, 10 мыңға жуық қарт бүгінде коммуналдық қызметті төлеуден босатылып, қоғамдық көліктерде тегін жүруге мүмкіндік алып отыр. Онымен қоса, 3 мыңнан аса қарияны түрлі басылымдарға тегін жаздыру ұйымдастырылған.