Әр елдiң әлеуметтiк-экономикалық жағдайына қарап оның қалай дамып жатқаны жөнiнде баға беруге болады. Сол сияқты Оңтүстiк Қазақстан облысының әлеуметтiк-экономикалық жағдайы да елiмiз тәуелсiздiк алғаннан бергi кезеңдегi өркендеу үдерiсiне сәйкес жылдан-жылға жақсарып келедi. Осыған орай облыстық қаржы басқармасы басшысының мiндетiн атқарушы Рақымбердi Жанысбекұлы Мүлкемановтан өңiрiмiздiң өркендеу қарқынын өткен мен бүгiндi салыстыра отырып айтып беруiн өтiнген едiк.
– Бiздiң өңiр республикалық бюджеттен ең көп көлемде субвенция алатын облыс болып саналады. Дегенмен, бюджеттiң кiрiсiне түсетiн салықтар мен басқа да мiндеттi төлемдердiң көлемi де жылдан-жылға өсiп келедi. Басқарманың басты көрсеткiшi болып табылатын бюджет қоржынын толықтыру бағытындағы жұмыстар мен оның нәтижесiне тоқталып өтсеңiз?
– Иә, дұрыс айтасыз, бiздiң субвенцияны көп алуымыздың себебi, республикадағы халық саны ең көп облыс болып саналамыз. Дегенмен, жергiлiктi бюджетке түсетiн салықтар мен басқа да мiндеттi төлемдердiң көлемi жылдан-жылға өсiп келедi. Мысалы, 2015 жылы облыс бойынша жергiлiктi бюджетке 101 млрд. теңге түссе, 2016 жылы – 106 млрд. теңге, ал, биыл 120 млрд. теңгеден астам қаржы түседi деп күтiлуде.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев үстiмiздегi жылдың ақпан айында облыс әкiмi Ж.Түймебаевты қабылдау кезiнде өңiрдiң салық түсiмдерi көрсеткiшiнiң төмендiгiне және республика бойынша ең дотациялы өңiр болып отырғанына назар аударған болатын.
Осыған байланысты қазiргi кезде жергiлiктi бюджеттiң түсiмдер көлемiн ұлғайту бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, iс-шаралар жоспары әзiрлендi. Бұл iс-шара жоспарында бюджеттiң кiрiсiн көбейту үшiн әрбiр саланы қамтитын, жан-жақты және нақты атқарылатын жұмыстар көрсетiлген. Қазiр барлық мемлекеттiк органдар тарапынан осы бағытта тиiстi жұмыстар атқарылуда.
– Бүгiнгi таңда бюджеттiң игерiлу деңгейi қандай?
– Бiздiң облыс республика бойынша бюджет көлемi жағынан ең жоғары бюджетті өңiр болғанына қарамай, оны игеру жөнiнен елiмiзде алдыңғы қатардан көрiнiп келедi. Жалпы, бюджеттiң атқарылу жұмыстары жылдан-жылға жақсара түсуде.
Жоғарыда айтып өткенiмдей, облыстың биылғы бюджетi 600 млрд. теңгеден асып отыр. Бұл қаржының 261,9 млрд. теңгесi немесе 40%-дан астамы бiлiм саласына бөлiнген. Атап айтатын болсақ, мектепке дейiнгi сапалы тәрбие мен бiлiмнiң қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз ету үшiн бөлiнген қаржы 2016 жылы 38,7 млрд. теңге болса, биыл бұл көрсеткiш 41,8 млрд. теңгеге ұлғайды.
Халықтың жоғары табиғи өсiмiнiң нәтижесiнде, жыл сайын облыстың жалпы бiлiм беру мектептерiндегi оқушы саны артып келедi. Сондықтан ағартушылық салаға бюджеттен 140,7 млрд. теңге бөлiнiп отыр.
Бүгiнде облыста «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламалары аясында айтарлықтай ауқымды жұмыстар жүргiзiлуде. Тек, осы екi бағдарлама бойынша 2016–2017 жылдары 95 нысанның құрылысын жүргiзу үшiн Қазақстан Республикасы Ұлттық қорынан 55,7 млрд. теңге бөлiндi. Жалпы, осы бағдарламаларды iске асыру нәтижесiнде облыс бойынша 5,3 мың адамды жаңа жұмыс орындарымен қамту жоспарланса, биылғы жылдың 1 қазанына дейiн 3,7 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
– Мемлекет басшысы мен ел Үкiметi ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша назар аударып, бұл саланы дамытуға жылдан-жылға бюджеттен көбiрек қаржы бөлiнiп келе жатқанын көрiп отырмыз. Осы қамқорлықтың қайтарымы қандай?
– Соңғы жылдары ауылға мемлекет тарапынан ауқымды қолдаулар көрсетiлiп, агроөнеркәсiп кешенiн мемлекеттiк қолдаудың арқасында бұл сала үлкен нәтижелер беруде. Мысалы, 2016 жылы агросекторға 32 млрд. теңге жұмсалса, биыл 34 млрд. теңге бөлiнген. Бұл қаржының 26,9 млрд. теңгесi шаруаларға субсидия ретiнде берiлуде. Жалпы, үстiмiздегi жылы 40 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерi мемлекеттiк қолдауға ие болды.
Осындай ауқымды көмектiң арқасында озық технологияларды қолдануда бiздiң облыс көш бастап тұр. Биылғы жылдан бастап, жаңа бастамамен 59 гектарға жаңғақ, 7 гектарға бадамша егiлдi.
Тамшылатып суару әдiсi 7,5 мың гектарға ендiрiлiп, жалпы көлемi 58,5 мың гектарға жеттi. Бұл республикалық үлестiң 72%-ына тең.
Облыста 171 гектарға жылыжайлар салынып, оның жалпы көлемi 1 294 гектарға жеттi. Бұл республикалық үлестiң 80%-ын құрайды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы дақылдарының егiс көлемi өткен жылмен салыстырғанда 29 мың гектарға артып, 818 мың гектарды құрады. Нәтижесiнде ауыл шаруашылығының жалпы өнiм көлемi 9 айда 57 млрд. теңгеге артып, 376,5 млрд. теңгеге жеттi.
Мал шаруашылығында да тұрақты өсiм байқалуда. «Сыбаға» бағдарламасымен 13 087 аналық iрi қара, «Алтын асық» бағдарламасымен 23 352 уақ мал, «Құлан» бағдарламасы аясында 2 366 бас жылқы сатып алынып, бұл көрсеткiш бойынша республикада бiрiншi орынды иелендiк.
– Басқарма ұжымының тағы бiр негiзгi мiндетi коммуналдық меншiктi басқару, оны қорғау бойынша шараларды ұйымдастыру болып табылады. Осы орайда келесi жылы аяқталады деп күтiлiп отырған жекешелендiру мәселесi мен облыс аумағындағы коммуналдық мүлiктердi тиiмдi пайдалану және оларды жалға беру қалай жүзеге асырылып жатқандығына тоқтала кетсеңiз?
– ҚР Үкiметiнiң жекешелендiрудiң 2016–2020 жылдарға арналған кешендi жоспарына сәйкес Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша 2017 жылы жекешелендiруге жататын 21 нысанның 10-ы 557,6 млн. теңгеге сатылса, алтауы 6 678,7 млн. теңгеге кейiннен сатып алу құқығымен сенiмгерлiк басқаруға берiлдi. 1 нысан бойынша ағымдағы жылдың 7 қарашасында кейiннен сатып алу құқығымен сенiмгерлiк басқаруға беру жөнiнде тендер өткiзiлiп, 10 банктiк күн iшiнде келiсiм-шарт түзiлетiн болады. Сондай-ақ, 1 нысан 3-шi рет электронды тендерге қойылып, 2 нысан 3 рет өткен электрондық сауда-саттықта сатып алуға ниет бiлдiрушiлердiң болмауынан сауда-саттықтар өткiзiлмедi деп танылды. Және соңғы 1 нысан бойынша бағалау есебi алынып, сауда-саттыққа қоюдың алдыңғы рәсiмдерi жасалуда.
Бұдан басқа, облыстық қаржы басқармасы тарапынан облыстық коммуналдық меншiктегi 2 ғимарат электрондық сауда-саттық арқылы жалпы 111,5 млн. теңгеге және 54 автокөлiк 14 036,6 мың теңгеге сатылды.
Облыс бойынша коммуналдық меншiктегi тұрғын емес жайларын жалға беруден түсетiн түсiмдердiң биылғы жылдың 10 айдағы жоспары – 84,5 млн. теңге болса, нақты бюджетке 104,1 млн. теңге түстi немесе жоспар 123,2%-ға артық орындалды. Бұл 2016 жылдың тиiстi кезеңiмен салыстырғанда 35,3 млн. теңгеге көп. Яғни 2016 жылдан бастап мүлiктiк жалдау (жалға алу) мемлекеттiк тiзiлiм веб-портал арқылы электронды түрде жүзеге асырылуына байланысты түсiм көлемi артып келедi.
– Әңгiмеңiзге рахмет.
Сұхбаттасқан Слам НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ,
"Оңтүстік Қазақстан" газеті