Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданында 1 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай жаяу жүргіншілерге арналған көпірдің салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Боралдай ауылдық округіне қарасты Орынбай Тайманов пен Ақжар елді мекендерін бөліп тұрған жаңа аспалы көпірдің ашылғанына жергілікті халық дән риза. Шараға Бәйдібек ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Нұрғали Айтбеков қатысып, көпірдің ауыл жұрты үшін қажетті болғандығын айтты.
«Облыстық бюджеттен 45 миллион 306 мың теңге қаржы бөлініп, маусым айында ұзындығы 144 метр болатын аспалы көпір құрылысын қолға алған «ЖБИ-С» ЖШС-і белгіленген мерзімде нысанды ел игілігіне пайдалануға беріп отыр. Тұңғыш Президенті күніне орай беріліп жатқан көпір ел игілігіне қызмет ете берсін», - деді Нұрғали Мәметұлы.
Бәйдібек ауданындағы Ақжар ауылының тұрғындары үлкен қуанышқа кенелді. Боралдай өзенінің арғы бетін жайлаған 300-ге жуық тұрғын орталықпен қатынасты бөліп тұрған асау өзеннен өтерде көп қиындық көретін. Енді ол артта қалды. Өзен үстінен жаяу жүргіншілерге арналған жаңа аспалы көпір пайдалануға берілді.
Өзен үстінде жаяу жүргіншілерге арналған көпір бұрын да болған. Бірақ ол әбден ескіріп, тұрғындардың үрейін күшейткен еді. Жергілікті билік жұрт проблемасына қырын қарамады. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жаңа көпір пайдалануға берілді. Облыстық бюджеттен көпірді қайта қалпына келтіру үшін 45 млн. 306 мың теңге қаржы бөлінді. 144 метрлік нысан құрылысы маусым айында басталған болатын. Оны «ЖБИ-С» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып, белгіленген мерзімде ел игілігіне беріп отыр.
Міне, көптің тілегі орындалып, көпір пайдалануға берілді. Енді қауіп пен қиындыққа толы сәттер ұмытылатындай күндер тумақ. Мұндай игілікті іске Ақжар ауылының тұрғындары ризашылықтарын білдіріп, тек алғыстарын айтуда.