Оңтүстік Қазақтан облысында 2017 жылғы 1 қазан айындағы көрсеткіш бойынша облыс халқының саны 2 914 054 адамға жетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық статистика департаментінің бастығы Айдар Әбілдабеков мәлім етті.
Бұл өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 1,2 пайызға артқан. Нәтижесінде республика бойынша өңір бала туу мен табиғи өсім көрсеткіштері бойынша 1-орында.
Оның айтуынша, облыста 2017 жылғы қаңтар-қыркүйек айларын есепке алғанда халықтың табиғи өсімі 47 917 адамды құраған. Бұл өткен жылға қарағанда 10,3 пайызға көбейіп отыр.
«Биылғы жылдың тоғыз айында облыс көлемінде бала туу көрсеткіші 59 061-ді құрап республика көлемінде алғашқы орынды еншіледі. Ал құрылған отбасыларға келсек, биыл қыркүйек айына дейін 15 мыңнан астам жұп некеге тұрған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,4 пайызға кеміп отыр», - деді Айдар Ахметбекұлы.
Бұдан бөлек, 9 айдың қорытындысы бойынша көші-қонмен облысқа келген халықтың саны 19 800 адамды құраған. Сонымен қатар, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өңірге Қазақстанның басқа облыстарынан келгендердің саны 2 есеге көбейсе, ТМД елдерінен келгендердің саны 21,9 пайызға өсіп отыр. Ал облыс ішіндегі көші-қон 78 514 адамды құрады. Сондай-ақ, облыстан қоныс аударғандардың саны 32 мыңнан асқан.