09 қар, 2017 сағат 15:39

ОҚО әкімінің орынбасары - Ордабасыда

Бүгін ОҚО әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков Ордабасы ауданында жұмыс сапарымен болып, бірқатар нысандарды аралады, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі.

Алдымен Шұбар ауылындағы №18 колледжге ат басын бұрып, тыныс-тіршілігін көрді. Аталмыш оқу орны 1959 жылдан бері шәкірттерді кәсіптік білімге баулып келеді. Бүгінгі таңда мұнда 371 жеткіншек білім алуды. Оларға 50 инженер-педагог білім береді. Оқу ғимаратынан соң Ұласбек Сәдібекұлы колледж жатақханасымен, техникалық базасымен танысты.

Екінші нысан – Береке ауылындағы 200 орындық мектеп құрылысы. Мұндағы жұмыс қарқынды жүруде. “MD Constructon Ltd” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өкілі құрылыстың кестеге сәйкес жүргізіліп келетінін алға тартты. Тапсырылуы 2018 жылға жоспарланған мектепке облыстық және аудандық бюджеттен қаржы бөлінген. Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Аққойлы ауылындағы “Аққойлы мешіт-медресесі” тарих және сәулет ескерткішіне бұрылып, бүгінгі ахуалын көрді.

Сондай-ақ, Ынталы ауылында орналасқан Қ.Бектаев атындағы мектеп-интернатына барып, ондағы оқушылардың жағдайымен танысты.

Сапар қорытындысында, Ұласбек Сәдібеков аудан активімен кездесіп, алқалы жиын өткізді. Аудан әкімінің орынбасары Азат Оралбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” стратегиялық мақаласындағы басымдықтарды жүзеге асыру бойынша ауданда атқарылған жұмыс барысын баяндады.

ОҚО Қазақстан халқы ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратов, облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов, облыстық дін істері басқармасының басшысы Самат Сапарбаев, облыстық тілдерді дамыту және құжаттама басқармасының басшысы Бастар Есқараев, облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылхан Темірхан, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысының орынбасары Мадияр Әліпов сөз алып, аудандағы кезегін күткен күрмеулі мәселелер жайын тілге тиек етті.

Жиынды аудан әкімі Рашид Қайыпжанов қортындылап, облыс әкімінің орынбасары мен басқарма басшылары тарапынан айтылған сын-ескертпелердің назарға алынып, жұмыс жүргізілетінін жеткізді.