12 қаз, 2017 сағат 16:23

ОҚО әкімі жазушы-драматург Еркінбек Тұрысовты 90 жылдық мерейтойымен құттықтады

Жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының лауреаты Еркінбек Тұрысов – 90  жаста. Осы мерейлі күнге орай қаламгерді Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қабылдап, мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Саналы ғұмырында Еркінбек Тұрысов “Оңтүстік Қазақстан” облысы газетінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, меншікті тілші, аудандық “Алғабас” газетінің редакторы болды.  Бүгінде 90 жасқа келіп отырған жазушы ұзақ жылдар мемлекеттік, қоғамдық қызмет атқара жүріп, туған жер, өскен өлке, замандастар өмірінен 600-ге жуық тарихи, көркем публицистикалық шығармалар жазып, ұлттық рухани мәдениетіміз бен әдебиетіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға.

«Биылғы жылы  сіздің 90 жылдық мерейтойыңызға орай облысымызда бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып отыр.  Күні кеше ғана Бәйдібек ауданының Ақтас, М.Әуезов атындағы жалпы орта мектептерінде оқырмандар конференциялары, аудандық спорт кешенінде волейболдан турнир және шығармашылық кеш ұйымдастырылды. Бүгін Түркістан салтанат сарайында «Дәуір дастангері атты»  шығармашылық кешіңіз өтпек. Сіз, ұлттық әдебиетіміздің көшбасындағы аға буын өкілдерінің бірісіз. Сондықтан сіздің шығармаларыңызды бүгінгі ұрпаққа насихаттап, оларды отансүйгіштікке тәрбиелеуіміз қажет», - деді Жансейіт Қансейітұлы. 

Таяуда  «Бір өлке – бір кітап» облыстық акциясы  аясында  қаламгердің   «Темірлан» романын оқу таңдалды. Романда әлемге әйгілі Әмір Темірдің аяқталмаған ақырғы жорығы,  бүгінгі Орта Азия мен Иран, Оңтүстік Қазақстан  жерінде, бұдан алты ғасыр бұрын өткен оқиғалар жайында тарихи дерек, автор жиһангер падишахтың тұлғасын және қоршаған ортаның барша тіршілік-тынысын кең суреттейді. 

Қаламгер жазған «Келіншектау», «Ақбақай», «Қыран тауы», «Құралай жолы», «Түндер сазы», «Тұлпардың ізі», «Нұржаудың нұрлы түндері», «Темірлан», «Бәйдібек», «Шығыстың шың ұлдары», «Замана перзенттері», «Мәңгілік сарын» атты дүниелер – ұлттық әдебиетіміздің ұлағатты туындылары саналады.   2017 жылдың қыркүйек айында автордың екі томдық шығармалар жинағы «Қазығұрт» баспасынан жарыққа шықты.

Еркінбек Тұрысов қазақ әдебиетін дамытуға сіңірген жемісті еңбегі үшін екі мәрте (1977-1987ж.ж.) Қазақстан Жоғары Кеңесінің  Құрмет грамотасымен, «Құрмет» орденімен және «Республика Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Оңтүстік Қазақстанға сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. Халық сүйіспеншілігіне бөленген қаламгерге «Оңтүстік Қазақстан облысының және Бәйдібек ауданының құрметті азаматы» атағы берілген.