Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдің ардагер ұстаздары мен білім саласының мамандарын төл мерекелерімен құттықтап, марапаттады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жиын барысында Жансейіт Қансейітұлы 9 ардагер ұстаз бен 26 мұғалімге алғыс хат табыстады.
«Ұстаздардың кәсіби мерекесі - халықтық мереке. Әлемдегі әр адамға білім беріп, мамандық таңдаумен қатар өмір жолына бағыт беретін - Ұстаз. Ендеше, төл мерекелеріңіз құтты болсын, құрметті ұстаздар! Елбасымыз атап өткендей, қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережесінің біріншісі - ұлттық код пен ұлттық мәдениеттің сақталып, рухани жаңғыруды іске асыруда ұстаздардың рөлі бірінші кезекте тұрғаны анық. Бала жүрегіне жол таба білетін, рухани азық беретін де - ұстаз. Тек нағыз ұстаз ғана егемен елге лайықты ұрпақ тәрбиелей алады. Бұған облыс ұстаздарының бүгінгі таңдағы шынайы еңбектері дәлел. Ұстаздарымыздың еңбек жолы - әрдайым жастарымыз үшін өшпес үлгі!» - деді Жансейіт Түймебаев.
Бұдан кейін облыс әкімі ұстаздармен тақырыптық әңгіме, сұрақ-жауап, жаңартылған білім бағдарламасы мен тәжірибе алмасу сынды тақырыптарда әңгімелесті. Ардагер ұстаздар да өз пікірлерін білдіріп, аймақ басшысының құттықтауына алғыстарын білдірді.
«Бізде білім беруге барлық жағдай жасалған. Мүмкіндіктер қарастырылған. Балабақшалар да, мектептер мен колледж, жоғары оқу орындары да жеткілікті. Мықты мамандарымыз да бар. Тек енді жас ұрпаққа сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеп шықсақ болғаны», - деді ардагер ұстаз Сайлаукүл Барахова.
Айта кетейік, бүгінде күнгейде 638 мың оқушыға 70 мыңға жуық мұғалім сабақ береді. Облыс деңгейіндегі білім саласында ілгерілеушілік бар. Өңірдің дарынды оқушылары республикалық, халықаралық деңгейдегі білім сайыстарында жүлдегер атануда. Жалпы білім беретін пәндерден республикалық олимпиадада облыс командасы бірнеше жыл бойы «Ең үздік олимпиадалық команда» аталымы мен I, III жүлделі орындарды иеленді. Биылғы тамыз кеңесінде тәжірибелі ұстаздарға пәтер кілттері мен білім және ғылым министрлігінің алғыс хаттары, құрмет грамоталары тапсырылды. Сонымен қатар Мақтаарал ауданындағы «Дарын» мектеп-интернаты мен Қазығұрт ауданындағы Ж.Қаппаров атындағы физика-математикалық мамандандырылған мектеп-интернаты республикадағы ең үздік білім ұйымдарының ондығына енді.