31 қаз, 2017 сағат 12:41

ОҚО әкімі мемлекеттік қызметте жүрген белсенді азаматтармен кездесті

Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік қызметке маман таңдауда дамыған елдердің тәжірибесі кеңінен қолданылатын болады. Бұл ретте әлемдік тәжірибеде кең қолданылатын  «Таланттарды басқару» әдісінің берері мол. Бүгін бұл туралы  бір топ мемлекеттік қызметкерлермен кездескен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Кездесу барысында мемлекеттік қызметшілер  өңір басшысына біліктілікті  жетілдіру,   әлеуметтік жағдайды көтеру, ынталандыру мәселері бойынша өз ұсыныстарын айтып, емін-еркін пікір алмасты.

«Мемлекеттік қызметкер болу – оңай шаруа емес.  Өйткені бұл өте жауапты іс. Бұл жолда әрбір қызметкердің кәсібилігімен қатар біліктілігі, білімділігі, адалдығы мен ар-ожданы таза болуы керек. Сонда ғана елге сапалы қызмет көрсете аласыздар», - деді Жансейіт Қансейітұлы. 

Айта кетейік, бүгінде жергілікті билік кадр таңдауда «үздіктерді» конкурсқа қатысушылар арасынан іздеу сияқты үйреншікті әдіске ғана жүгінбей, әлемдегі дамыған елдер үлгісімен «таланттарды басқару» әдісін пайдалануды қолға алған. Соның нәтижесінде сапалы мамандар қатары артып, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы да едәуір жақсарып келеді. Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысындағы жергілікті атқарушы органдарда 4573 мемлекеттік әкімшілік лауазым иесі қызмет етеді.  Оның 1122-сі әйел азаматтар. Өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы 39 құрайды.

Өткен жылы облысымызда «Болашақ» бағдарламасының және  Мемлекеттік басқару академиясы түлектерін мемлекеттік қызметке тарту жөніндегі тиімді іс-шаралар қолға алынған болатын. Қазірдің өзінде жергілікті атқарушы органдар қызметшілерінің қатарынан 7-і «Болашақ» бағдарламасы бойынша, ал 3-і Академияда білімдерін жетілдіруде.

Шараны қорытқан өңір басшысы осындай кездесулерді алдағы уақытта тұрақты түрде  өткізіп отыруға кеңес берді.