10 қар, 2017 сағат 12:58

ОҚО әкімі Францияның Қазақстандағы елшісімен кездесті

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Филипп Мартинэмен кездесті. Кездесу барысында тараптар өзара әріптестік механизмдерін талқылап, екі жақты қарым-қатынасты дамыту жөнінде пікір алмасты, деп хабарлайды өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметі.

Қазақстан мен Франция арасында түрлі салада тығыз байланыс орнап, дамығанын айтқан аймақ басшысы екі елдің сауда-экономикалық әріптестік байланысы бойынша 5-орында келетінін атап өтті.

«Қазақстан негізінен мұнай, металл мен металл өнімдерін, химиялық өнімдер, ауыл шаруашылығы азық-түлігін экспорттауда. Ал Франциядан мемлекетіміз электронды және мехиникалық жабдықтар, тұтынушылық тауарлар, дәрі-дәрмек пен косметика, автокөліктер, тағам өнімдері мен құрылыс материалдарын импорттайды. Францияның Қазақстан экономикасына 2005 жылдан бастап 2016 жылдың жартысына дейін құйған қаржысы 12,7 млрд долларды құрады. Біздің елімізде француз капиталы бар 135 кәсіпорын жұмыс істеуде. Олардың арасында «Тоталь», «Арева», «Данон», «Викат», «Пежо», «Альстом» және басқа да компаниялар бар»,- деді Жансейіт Түймебаев.

Бұдан бөлек, облыс әкімі өңірде инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, Оңтүстік Қазақстан облысы түрлі салада қарым-қатынасты дамытуға әзір екенін жеткізді.

Өз кезегінде француз елшісі ОҚО мен Франция аймақтары арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық, инвестициялық, сондай-ақ, мәдени-гуманитарлы әріптестікті дамытудың әлеуеті зор екенін айтты.

«Екі ел арасындағы іскерлік қарым-қатынасты одан әрі дамыту мақсатында біздің аймақтар арасында импорт және экспорты көп салаларды анықтау бағытында бірге жұмыс жасауды ұсынамын. Сол салалар бойынша біріккен жаңа өндіріс орындарын ашуға болады деп ойлаймын. Біз өзара әріптестігімізді ұзақ мерзімде жалғастыруға сенеміз, - деді Филипп Мартинэ.

Франция бүгінгі таңда дамыған индустриалды-аграрлы ел саналады. Бұл ел өндірістік өнеркәсіп көлемі бойынша әлемде алдыңғы қатарда келеді. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінің машина жасау, автокөлік жасау, электр-техникалық және электронды өндіріс, авиация, кеме және станоктар жасау секілді салалары жақсы дамыған. Сондай-ақ, Франция - әлемдегі ең ірі химиялық және мұнай химиялық өнімдер, қара және түсті металл шығарушы мемлекеттің бірі саналады.

Оңтүстікке жасаған  сапары барысында Француз елшісі мен Француз альянсы президентінің қатысуымен Француз альянсының инаугурациясы өтеді деп жоспарлануда. Елші бұған қоса облыстағы уран өндіру кәсіпорындарының жұмысымен танысатын болады.