Фото: Pixabay.com
Алматы облысының Саймасай кентінде 7-сынып оқушысы өз-өзіне қол салды. Қайғылы оқиғаға дейін баланың отбасындағы қиын жағдай туралы бірнеше рет шағым түскені белгілі болды, деп хабарлайды Ult.kz KzNews.kz сайтына сілтеме жасап.
Биыл ақпан айында көршілері «Немолчи» қоғамдық қорына хабарласып, отбасының тұрмыстық және әлеуметтік жағдайының ауыр екенін жеткізген. Олардың айтуынша, балалардың анасы ішімдікке салынып кеткен, үйдегі тұрмыс жағдайы сын көтермеген, ал өгей әкенің тарапынан зорлық-зомбылық белгілері байқалған.
Қор өкілдері бұл деректі нақтылап, тиісті ақпаратты ювеналды полиция бөліміне жолдаған. Осыдан кейін құқық қорғау органдары тексеру бастаған. «Немолчи» қоры кейін бұл жағдайға толық араласпай қалғандарын және бұл шешімнің қате болғанын мойындаған.
Алматы облыстық полиция департаменті оқиғаның болғанын растады.
«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу әрекеттері облыстық полиция департаментінің үйлестіруімен жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы жан-жақты және объективті зерттеледі. Іс облыстық ПД басшылығының ерекше бақылауында», – делінген ведомствоның ресми хабарламасында.
Қазіргі таңда оқиғаға қатысты барлық жауапты тұлғалардың іс-әрекетіне баға беру мақсатында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Баланың өліміне қатысты нақты себептер сот-медициналық сараптама нәтижесінен кейін анықталмақ.
