03 сәу, 2018 сағат 10:19

Облыстардың білім беру сапасы орташа көрсеткіштен төмен - Ерлан Сағадиев

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев облыстарда білім берудің сапасын бағалау нәтижесін жариялады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, бүгінде мектеп оқушыларының білімін бағалау нәтижесінде республика бойынша орташа көрсеткіш 39,4 ұпайды құрады. Алайда кейбір облыстардың ұпайлары республикалық көрсеткіштен де төмен.

«Мәселен, Ақтөбе облысы - 29,4 ұпай, Солтүстік Қазақстан облысы - 30 ұпай, Оңтүстік Қазақстан облысы - 31 ұпай. Осы облыстардың білім беру сапасын арттыруға назар аударуды сұраймыз», - деді Е.Сағадиев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Осы орайда Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев алдымен Жамбыл облысынан есеп беруді сұрады. Себебі ол жақта 16 индикатор бойынша тиісті көрсеткіштер орындалмады. Облыс әкімі Асқар Мырзаxметов министрліктің есебімен келіспейтінін жеткізді.

«Біздегі мәлімет бойынша бағдарламаның барлық көрсеткіштері орындалып отыр. Тек қана ұлттық бірыңғай тест бойынша...», - деді А.Мырзаxметов.

Осы кезде Премьер-Министр Жамбыл облысы бойынша министрліктің есебін толығымен оқып беруді ұсынды.

«Сізге бәрін оқып берейін бе? Жоқ, әлде өзіңіз Білім және ғылым министрлігімен xабарласып анықтайсыз ба?», - деп сұрады Б.Сағынтаев.

Облыс басшысы аталған ұсыныспен келісті.

«Біздегі мәлімет басқа... Негізі, бізде төрт индикатор бойынша 25 көрсеткіш толығымен орындалған. Атап айтсақ, өткен жылы 4623 орны бар 33 балабақша және 4 шағын орталық ашылды. Соның ішінде 30-ы жекеменшік балабақша, сөйтіп облыста мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 1-6 жас аралығында 68 процентті, ал 1-3 жас аралығында 92 процентті құрап отыр. Білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша 10 321 мұғалім оқытылды. Бұл - барлық мұғалімдердің 42 проценті. Биыл тағы 5 295 педагог оқытылады. Осылайша, жалпы көрсеткіш 62,3 процент болмақ. Жаңартылған бағдарламамен сабақ беретін мұғалімдердің жалақысына қосымша 30 процент ақы ағымдағы жылы наурыз айында толығымен төленді. Бақытжан Әбдірұлы, министрлік ұсынған мәлімет ескіріп қалған болуы керек. Рұқсат болса, біз министрлікпен тағы анықтайық», - деп атап көрсетті А.Мырзаxметов.

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев болса, мәлімет жағынан ешқандай айырмашылық жоқ екенін жеткізді.

«Көрдіңіз бе, тексереміз деп едік, қарамағыңыздағылар ескіріп қалған мәлімет деп шыға келді. Мәләметтердің бәрі Сіздер берген цифрлар бойынша жасалды. Біз өз тарапымыздан ештеңе қосып отырған жоқпыз. Қарамағыңыздағы өзіңіздің көмекшілеріңізге қатаң талап қойып сұраңыз», - деді Б.Сағынтаев.

Отырыс барысында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та өз есебін ұсынды. Ол жақта 13 көрсеткіш орындалмай отыр. Оның айтуынша, 32 көрсеткіштің екеуі ғана орындалмаған.

«Білім министрлігімен сәйкеспеушіліктер бар. Біз кеше олармен жұмыс жасадық. Оларға бәрін түсіндіріп дәлелдедік. Министрлік 9 айдың көрсеткіштерін алып отыр. Ал 12 айды алатын болсақ, онда екеуінен басқасы толығымен орындалған», - деп атап көрсетті Б.Сапарбаев.

Әкімнің сөзіне қарағанда, білім беру сапасы жағынан кемшіліктер бар. Сол үшін білім басқармасының басшысы қызметінен босатылған болатын. Батыс Қазақстан облысы да министрлік есебімен сәйкеспеушіліктің бар екенін алға тартты. Себебі аталған есеп өткен жылдың 9 айдың қорытындысы бойынша жасалды.