Еліміздің басқа облыстарымен салыстырғанда Шығыс Қазақстанда мемлекеттік қызмет көрсету деңгейі жоғары. Сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмыстарының нәтижесі де көңіл көншітерлік. Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев облыс активімен өткен кездесуде осылай деді. Алқалы жиынға аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ қатысты.
– Президентіміздің «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында қойған тапсырмасына сәйкес, 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегияның іске асырылу барысын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған маңызды жиынға сонымен қатар, мемлекеттік органдардың басшылары, депутаттар, ғалымдар, бизнес және қоғамдық ұйымдар, кәсіподақ, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып отыр, – деп жиынды ашқан облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ баяндама жасау үшін сөз кезегін Астанадан келген құрметті қонаққа ұсынды.
Бүгінгі күні өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асырудың 2015-2017 жылдарға арналған аймақтық жоспары қабылданып, тиімді іске асырылуда. Әр тоқсан сайын сыбайлас жемқорлықпен күрес комиссиясының отырыстары өткізіліп, онда құнды құжатта көрсетілген шаралардың орындалуы қаралады. Сондай-ақ, елімізде бірінші болып Абай ауданы мене Курчатов қаласы «Сыбайлас жемқорлықсыз аймақ» деп жарияланды. Ендігі мақсат – мұқым облысты осындай мәртебеге жеткізу. Ол үшін барлық мүмкіндіктер бар. Аймақта атқарылып жатқан жұмыстар да бұл сөзімізге дәлел.
Ұлттық бюро төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев ұсынған деректерге көз жүгіртсек, облыста жемқорлыққа қарсы қызмет жұмыстары өзінің нәтижесін бере бастағанын аңғарамыз. Мәселен, былтырғы алты айда өңірімізде 97 жемқорлық қылмысы тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 82-ні құрап отыр. Оның ішінде әсіресе, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге негізінен құрылыс, білім, денсаулық сақтау секілді салалардың өкілдері барады екен. Нақты санмен сөйлесек, 2015 жылы жемқорлық қылмыстар бойынша облыстық құрылымдар арасынан құрылыс басқармасы көш бастаса, білім, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау басқармалары да бір-бірінен қалыспаған. Биылғы алты айдың нәтижесінде де дәл осы басқармалар «үздік бестікті» басқаларымен еш бөліспей келеді. Ал қалалар мен аудандар арасында Өскеменнің орны бөлек. Жемқорлық қылмыстардың саны жөнінен облыс орталығы екі жыл қатарынан алда келеді.
Сондай-ақ, кездесу барысында Астанадан келген лауазым иесі жиынға қатысушылар назарына тағы бір маңызды мәліметті ұсынды. Сөздің шыны керек, қарапайым халықтың ұғымында жемқорлық пен парақорлыққа негізінен әкімдіктің қызметкерлері немесе шенеуніктер барады деген түсінік қалыптасқан. Алайда, бұл - дұрыс түсінік емес. Құзырлы ведомство өкілі келтірген нақты сандарға сүйенсек, өткен жылы әкімдік қызметкерлерімен жасалған жемқорлық қылмыстар үлесі 32 пайызды құраса, қалған 68 пайызы басқа салаларды еншісінде қалып отыр.
Бұған қоса, өткен жылы екі облыстық, бір аудандық деңгейдегі басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылса, ағымдағы алты айда екі облыстық, екі қалалық, үш аудандық, екі ауылдық деңгейдегі мемлекеттік қызметте істеп жүрген жетекші істі болды. Айталық, кейінгі екі жылда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бұрынғы басшысы Дәурен Тілеубаев, денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Вадим Овсянников, облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасының бұрынғы бастығы Асқар Мұқашев сынды бірқатар лауазымды тұлғалар пара алу үстінде қолға түсіп, қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың алды абақтыда жазаларын өтеп жатса, кейбіріне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары әлі жүргізілуде.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия сіздердің облыста өз деңгейінде орындалып жатыр. Сол секілді мемлекеттік қызмет көрсету көрсеткіштері де қуантады. Бұған тиісті орындар жүргізген әртүрлі әлеуметтік сауалнамалар мен зерттеулердің нәтижелері дәлел. Айталық, Ақтөбе мен Қарағанды облыстарына қарағанда Шығыс Қазақстанда мемлекеттік қызмет көрсету деңгейі әлдеқайда жоғары. Былтыр сіздердің облыста барлығы 6 576 мыңнан астам мемқызмет көрсетілсе, биылғы жартыжылдықта ғана 3 386 мыңнан артық аталған қызмет түрі орындалған. Бұл ретте айта кету керек, халыққа қызмет көрсету орталықтары жақсы жұмыс істеп отыр, – деп атап өткен Алик Шпекбаев бұл бағыттағы жұмыстарды ары қарай да осы қарқынмен жалғастыра беру қажеттігін ескертті.
Қоғамның айықпас дертіне айналған, мемлекеттің өсіп-өркендеуіне кедергі келтіріп отырған сыбайлас жемқорлықпен күрестің түрлері туралы сөз қозғап, әлемдік тәжірибені мысалға келтірген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы төрағасының орынбасары мемлекеттік қызметкер үшін пара былай тұрсын, кәдімгі сыйлық алу да заңмен жазаланатынын еске салды. Оның айтуынша, мемлекеттік қызмет туралы қолданыстағы заңға сәйкес ресми кездесулер мен жиындардан бөлек жерде сыйлық алуға қатаң тыйым салынған. Ол сыйлықтың құны 2 АЕК-ке дейін болса, алған мемлекеттік қызметкерге әкімшілік немесе тәртіптік жаза қолданылады. Ал бағасы одан асып кететін болса қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Егер сыйлықты алып қойған жағдайда жеті күннің ішінде оны Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің мемлекеттік қорына немесе жергілікті атқарушы органға өткізуі керек.
– Еліміздің жемқорлыққа қарсы саясаты алдын алу, түсіндіру және жазалау шараларын үйлестіру негізінде жүргізілуде. Яғни, алғашқысы заңсыздықтың алдын алу, ескерту бағытында болса, екіншісі оқыту, тәрбиелеу шараларына құрылған. Ал жазалау ол енді түсінікті. Бұған қоса, жемқорлықпен күрестің кешенді тәсілдерін жүзеге асыру, жалпыға ортақ декларацияны кезең-кезеңмен енгізу және басқа да тиісті қадамдар осы бағыттағы қылмыстарды азайтуға үлкен септігін тигізетіні анық, – деді Алик Шпекбаев.
Жиында сыбайлас жемқорлыққа шатылып, темір торға қамалған жоғары лауазымды тұлғалардан бастап, аудандық деңгейдегі қарапайым мемлекеттік қызметкерге дейін қамтылған деректі фильм көрсетілді. Қай басшы қаншалықты сомада пара алды немесе бюджет қаражатын жымқырды, сол қылмыстары үшін неше жылға бас бостандығынан айырылды, қанша дүние-мүлкі тәркіленді, бәрі, бәрі тәптіштеп баяндалған фильмдегі кейбір кейіпкерлердің бостандықта жүрген бұрынғы әріптестеріне өздері жіберген қателіктерге бармауды ескерткен сөздері, өкініштері көпшіліктің көңіліне ой салғаны анық.
Серік Әбілхан,