ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде облыс орталықтарында кітап дүкенін ашқандарға ғимарат жалдау жеңілдіктерін беру ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазір қазақша кітаптарды одан әрі ілгері жылжыту үшін облыс орталықтарында арнайы кітап дүкендерін ашатын адамдарға ғимаратты жалдау бойынша жеңілдіктер жасалса, мемлекет тарапынан үлкен көмек болар еді. Осы салада біз қазір автоматтандырылған ақпарат жүйесін жасап, Қазақстан Республикасының кітап істер автоматтандыру қызметтерін бастап жатырмыз», -деді Ұлттық кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов.
Сондай-ақ, ол аталмыш ақпараттық жүйенің кітап ісіне қатысы бар адамдардың жұмысын қалай жеңілдеткенін атады.
«Бұл жүйенің басты мақсаты – республиканың кітап қоры статистикасын анықтау, толықтыру, кітап қорын жаңартып, көбейту, жас авторларға қолдау көрсету, кітап ісіне қатысушы баспалар, кітап сату ұйымдары, кітапханалар, авторлар арасында өзара іс-қимылды жандандырып, оларды ортақ алаңға біріктіру.
Бұл жүйеде олардың бірнеше модулі бар. Сол модульдер қарым-қатынас жасауға толық мүмкіндік береді», - деді Ұлттық кітап палатасының директоры.