Ол - ақын. Балаң көңілмен қалаға келіп, сол балалығын, тазалығын, ауыл адамдарының ақеділ көңілін көшеден іздейтін ақын. Күреңіткен күндердің көлеңкесінде қалып жабырқаған сәтінде, өмірге өкпелеген сәтінде, өшін өлеңнен алатын ақын. Жетім күндерін жесір уақытқа тонатқанда, тістеніп тұрып өлең жазатын ақын.
Бұл ақынға "измдер" жүрмейді. Анау Хан Тәңірінің етегінен аршасын арқалап келген, оны бәрімізге иіскетіп, ауылдың ғажайып жұпарын өмірімен, өлеңімен ұғындырған жанның жұрт елткен жаңа ағымдарға жұғыспауы да заңдылық шығар. Көрген жерде баладай бауырыңа тығылып, өзінің адыраспан-шашын еріксіз иіскететін адамда қалалық қалып қайдан болсын. ...Нұртасты оқысам ақындар(ұлылар емес) ауылда туып қалада өледі деген сөз есіме түсіп, көзіме ретро-өмір елестейді.
Тұрсынбек Башар
***
Көңіліме күн қадап, жүрегіме мұң қадап,
Балалығым кетті өтіп, жанарымнан сырғанап.
Мен кіршіксіз сәттерді аңсап кеткем, содан-соң,
Мынау арсыз әлемде жастығымды былғап ап.
Содан бері шынайы қуанғам жоқ, күлгем жоқ,
Жылағам жоқ түндерге көз жасы боп сіңгем жоқ.
Өзім "отпын" деп жүріп жанып кете жаздағам,
Мені мына күйдіріп жатқан кезде іргемді от.
Сосын жауып ұстағам, күйік шалған іргемді,
Ертеңіме қалсын деп өткенімнен бір белгі.
Жас баланың тағдыры – тас қалада жоғалған,
Тас қаланың тағдыры – тасырқатсын кімдерді?
Менің асыл арманым осы жерде тоналған,
Содан кейін күткен жоқ бақыт дейтін жол алдан.
Ауылынан келгенде адамдығы жоғалған,
Бәрі түлкі әйтеуір, бәрі қасқыр боп алған.
Енді кімнен жасырам дәл қазіргі хал-жайды?
Әрбір сәттің жарасы сезімі мол жанға әйгі,
Ардың артқан жүгі бар, батады ылғи арқама,
Таудың тарпаң ұлы ем деп, тасқа соғып маңдайды.
Несін айта берейін ойларымды сатылап,
Бар қабырғам сөгілді, сынып кетті қақырап.
Ақылдыға сор қонған – сордың өзі ақылды,
Ақымаққа бақ болған – бақтың өзі ақымақ!
Бақытсыз боп барамын, бәрін сырттай бақылап.
***
Сен кінәлайсың ғой,
Кінәлайсың ғой, неге деп сұрамайсың ғой.
Тістесіп тұрған тағдырда тісің сынса да,
Мен шыдаған өмірге шыдамайсың ғой!
Сен «жүрек» дейсің ғой,
Жүрек дейсің ғой, сезімді түлетпейсің ғой.
Жылымшы жас жаныңнан ытқып шықса да,
Мен селк еткен дүниеге, дір етпейсің ғой.
Сен түсінбейсің ғой,
Түсінбейсің ғой, алдымда кішірмейсің ғой.
Сен – маған құйылған ащы шарапсың,
Бірақ та, ішілмейсің ғой.
***
Күрсіндің бе?!
Білемін, қуана алмай жүрсің мүлде
Мөлдіреп қарап тұрып бір-ақ сәтте
Тырс етіп тамайын деп тұрсың кімге?
Жыладың ба?
Менен бетер ғашықсың, сірә мұңға.
Түндегі жалғыздықтың жан айқайы
Жаңғырып әлі тұр ма құлағыңда?
Мұңдысың ба?
Өмірдің сезім дейтін тұрғысында
Мен аңсаған жылылық, әттең, қалқам
Пыр етіп ұшып кеткен жыл құсында.
Ойландың ба?
Қарауыл етіп мені қойған мұңға
Айрандай ұйып тұрған жүрегім бар,
Ойран қылма!
Жаздым бәрін,
Алайда, періште емес азғын-жаным
Күнәнің жасап алған күнәсі үшін
Сен мені жазғырмағын.
Лайықты бақ,
Жанардан жоғалады тайып, құлап
Сенері әр адамның біреу болса,
Жалғыздық лайықтырақ!
Сен де, мен де,
Жүректі бекінгенбіз емдемеуге.
Ең ауыр мұң арқалап қоштасармыз,
Кем дегенде.
***
Өткенімнен қалып кеткен көп белгі,
Ақымақтау тірлігімді сөкпе енді.
Көз жасыңмен өзің жуып жатсың ба,
Маған деген өкпеңді.
«Бақытты етем», – деп ойлаушы ем өз басым,
Бота – жүрек бұл кеудемде боздасын.
Таң атарда тағдырымды өзгерткен,
Алақанға сүртілмеген көз жасың.
Аяусызбын аялауды білмегем,
Менің кінәм, қателессін кім, неден?!
Айдалаға босып кеткім келеді
«Тірлік» дейтін – түрмеден.
Бақытқа емес, білем мұңға толысың,
Өзгерткім-ақ келіп тұр ғой, соны шын.
Жалған өмір өзіңменен мәңгі еді,
Мәңгіліктен айырмашы, сол үшін.
***
Жан жылайды,
Ойласам тірлігімді сәл былайғы.
Сарғайған жапырақтай өкінішім.
Сағынған жүрегімнен саудырайды.
Кеше, бүгін...
Жасаған бар кінәмді кеш, елігім.
Көп тоналып, жүрегім жараланып,
Отқа оранып кетті екен неше жырым?
Түсініп, ұқ!
Жүрегімді тастаған үсік ұрып.
Бақты өмір қай ақынға бұйырыпты,
Сыртым күліп тұрады, ішім – ұлып!
Таңдағаным,
Бар болмысым осындай, бар ма амалың?
Алып-ұшқан көңілің басылмасын,
Сағыныштан аспайды салған әнім!
Сөге көрме!
Жан емес, жыр – керегі менен елге.
Жастап жүріп оқышы сен де күнім,
Айналып кеткен күні мен өлеңге!
***
Суықтан қашқан аспанның періштелері,
Менің де жаным салқынды теріс көреді.
Үлбіреп тұрған адамның ары ғой дедім,
Ар неге сосын табанда тегістеледі?!
Мен түсінбейтін белгілер, жолымдағым ғой,
(Табын да бір ғой, қайтейін тобыр да бір ғой),
Өзімнің дағы табаным таза емес еді,
Сүртейін десем әттең-ай, қолымда кір ғой.
Өмір кірлеткен, тап-таза жаным-арым деп,
Пендешілік-ау, өмірге тағы да міндет.
Періште-қар боп құласа қуанамын мен,
Аунап болса да күнәдан арыламын деп.
Еркелеп жаушы әппақ қар, ерік тек сенде,
Тазартшы әлемді бір мезгіл келіп кетсеңде.
Аялап сені отырам алақаныммен,
Еріп кетсең де.
***
Өз ойыма тұтқынмын куəгерсіз,
Шаншылып ой миымда тұрады ерсіз.
Көзін жұмған қараңғы мына түн де,
Ұйықтай алмай жатыр-ау сірə менсіз.
Төсегімде жатқанмен түн аунақшып,
Ауырлықты мендегі ұға алмас түк.
Жанымменен жастыққа бірер сəтке,
Көз жанары арқылы сыр алмастық
Астаң-кестең боп жатыр мида бəрі,
Бəрін сезген салыңқы үй қабағы.
Өз өзімді мүжіген ойдан жүрек,
Арашалап ала-алмай қиналады.
Қайтсін енді оған да дауа бар ма,
Бəрі де шебер қазір жаралауға.
Алаңғасар сезімді жүрегіңнен,
Қаралауға бола ма алалауға?!
Ол да кейде күтеді мидан көмек,
Қайран миым қайтейін қинал демек.
Дəл сенің құлағыңа шырылдайды,
Дəл менің кеудеме кеп сыйған бөбек.
Ойларыма тұтқынмын, айыптымын,
Əйтсе де айыптауға лайықтымын.
Құлауға да хақым жоқ, сəл қисайсам,
Ұстап алар құшағын жайып кімім?!
Тамырымда тоғысқан жаным, миым,
Тек өзіме аян ғой жалын күйім.
Бауырым мені алысқа алып кетші,
Хəлім қиын!